Қазақстанда жеке тұлғалардың табысы мен шығысын бақылау күшейтілді. Енді ресми табысынан артық қаржы жұмсаған азаматтарға қосымша салық салу тәртібі барлық декларация тапсыратын тұрғындарға ортақ талап ретінде енгізіліп отыр.
Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, егер азаматтың нақты шығыны оның ресми көрсеткен табысынан асып кетсе және бұл қаражаттың қайдан алынғанын құжатпен дәлелдей алмаса, айырма сомасына 10 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығы есептеледі.
Мысалы, егер азамат декларацияда 400 мың теңге табыс көрсетіп, бірақ іс жүзінде 500 мың теңге жұмсаса, дәлелденбеген 100 мың теңгеге 10 мың теңге салық төлеуге міндеттеледі. Яғни, әрбір негізсіз шығын автоматты түрде қосымша табыс ретінде қарастырылып, тиісті салыққа тартылады.
Мұндай сәйкессіздік анықталған жағдайда салық органдары азаматқа ресми хабарлама жібереді. Хабарлама алған тұлға 30 жұмыс күні ішінде шығынның қайдан шыққанын түсіндіріп, оны растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, айырма сомасы толық көлемде декларацияланбаған табыс ретінде есептеледі.
Сарапшылар мұндай жағдайда ірі сатып алуларға ерекше назар аудару қажет екенін айтады. Қаражаттың көзі — қарыз, жинақ немесе сый ретінде алынған болса, оны міндетті түрде құжат жүзінде растау керек. Себебі дәлелсіз кез келген артық шығын салықтық міндеттеме туындатады.
Бұл өзгерістер көлеңкелі табысты азайтуға және қаржылық ашықтықты арттыруға бағытталғанымен, азаматтар үшін табыс пен шығынды нақты есепке алу мәдениетін қалыптастыруды талап етеді.
