VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми символы ретінде қар барысы таңдалды. Биылғы халықаралық дода Қырғызстан аумағында өтеді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қар барысы — өңір халықтарының дүниетанымында ерекше орын алатын киелі бейне. Ол көшпенділердің еркін рухын, қайсар мінезін, табиғатпен етене байланысын және дәстүрге беріктігін білдіреді. Осы қасиеттерді ескере отырып, қар барысы ойындардың басты тұмары ретінде бекітілген.
Жарыстың негізгі бөлігі Ыстықкөл жағалауында ұйымдастырылады. Табиғаты көркем бұл аймақ бұған дейін де халықаралық деңгейдегі шараларды өткізуге қолайлы орын ретінде танылған.
Биылғы көшпенділер ойындарына әлемнің 100-ден астам елінен 3000-нан аса спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Олар дәстүрлі спорт түрлері бойынша бақ сынап, ұлттық мәдениеттердің ерекшелігін паш етеді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары — тек спорттық жарыс емес, сонымен қатар көшпенді өркениеттің бай мұрасын насихаттайтын маңызды халықаралық алаң.
