Шымкент қаласында балалардың құқықтарын қорғау бағытында жаңа басқарма құрылмақ. Қазіргі таңда аталған құрылым әділет департаментіне тіркеуге жолданған. Бұл туралы брифинг барысында қала білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов мәлімдеді.
Оның айтуынша, барлық тіркеу рәсімдері аяқталғаннан кейін жаңа басқарма бір ай көлемінде өз жұмысын бастайды деп күтілуде. Бұл бастама өңірдегі балалардың құқықтарын қорғау жүйесін нығайтып, қолдау шараларын біріздендіруге бағытталған.
Бүгінде Шымкент қаласында 817 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тіркелген. Оның ішінде 670 бала отбасылық тәрбиеде өсіп жатыр. Ал 121 бала өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында тәрбиеленуде.
Сонымен қатар, №6 арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығында 19 бала, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында 4 бала, ал мамандандырылған Бөбектер үйінде 3 бала орналастырылған.
Әлеуметтік мәртебесіне сәйкес, бұл балалардың 359-ы жетім болса, 458-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар санатына жатады.
Брифинг барысында Қуаныш Ысқақов балаларды қорғау бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қалада жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық ортада тәрбиелеуге басымдық берілуде.
Осыған байланысты қамқоршылық және қорғаншылық органдарының жұмысы күшейтіліп, балаларды асырап алу мен патронаттық тәрбиеге беру шаралары тұрақты бақылауға алынған.
Сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсету жүйесі кезең-кезеңімен жетілдірілуде. Арнайы орталықтарда тәрбиеленіп жатқан балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және толыққанды дамуына жағдай жасау – басты назарда.
