Қазақстан мемлекеттік қызмет жүйесін цифрландыруда жаңа кезеңге өтті. 1 сәуірден бастап мемлекеттік қызметке іріктеу толықтай онлайн форматқа көшіріліп, конкурс өткізу тәртібі түбегейлі өзгерді. Билік бұл реформаны ашықтықты арттыру, уақытты үнемдеу және адами фактордың ықпалын азайту мақсатында енгізіп отыр.
Енді мемлекеттік қызметке үміткерлер үшін негізгі алаң — eQyzmet порталы. Бұған дейін құжат тапсыру, тестілеу, әңгімелесу секілді кезеңдер бірнеше аптаға созылса, жаңа жүйе бұл процесті бар болғаны 5–7 жұмыс күніне дейін қысқартты. Салыстырмалы түрде алғанда, бұрын конкурс 23–30 күнге дейін жалғасатын.
Іріктеудің алғашқы кезеңі — тестілеу. Үміткерлерге 55 сұрақ ұсынылады, ал өту үшін кемінде 30 дұрыс жауап беру қажет. Сонымен қатар әрбір заңнамалық блок бойынша ең төменгі шек — 5 дұрыс жауап. Тест нәтижесі бір жыл бойы жарамды, бұл талапкерлерге қайта-қайта емтихан тапсыру жүктемесін азайтады. Айта кетерлігі, тесті айына үш рет тапсыру мүмкіндігі сақталған.
Бұрынғы жүйеден тағы бір маңызды айырмашылық — бәсекелестіктің күшеюі. Әр конкурс бойынша келесі кезеңге тек ең жоғары нәтиже көрсеткен бес үміткер ғана өтеді. Бұл тәсіл іріктеуді тарылта отырып, сапаны арттыруға бағытталған.
Келесі кезеңдер үміткердің лауазымына қарай өзгереді. Басшылық қызметтерге үміткерлер эссе жазып, онлайн сұхбаттан өтеді. Ал өзге позициялар үшін практикалық тапсырмалар қарастырылған. Бұл өзгеріс кандидаттардың тек теориялық білімін ғана емес, нақты жұмысқа бейімділігін де бағалауға мүмкіндік береді.
Реформаның тағы бір өзекті бөлігі — бақылау жүйесі. Барлық кезеңдерде (сұхбаттан басқа) прокторинг технологиясы қолданылады. Яғни, үміткердің әрекеті автоматты түрде бақылауға алынып, емтихан барысында әділдік сақталуы қамтамасыз етіледі.
Бұл жаңашылдықтар мемлекеттік қызметке іріктеу процесін жылдам әрі ашық етуге бағытталғанымен, оның тиімділігі жаңа жүйенің іс жүзіндегі орындалуына байланысты болмақ. Цифрлық формат қағазбастылықты азайтып, адами ықпалдан арылуға мүмкіндік береді. Алайда басты сұрақ — бұл өзгерістер шынымен де ең лайықты кадрларды іріктеуге жол аша ма — уақыт еншісінде.
