Шардара ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Жамал Төлешова апаны көпшілікке таныстырып жатудың өзі артық. 80 жасқа толса да, ауданның қоғамдық-саяси өмірінің бел ортасында жүрген абзал ананың атқарып жатқан жұмыстарын анау-мынау ер азамат атқара алмайды. Жамал Өтегенқызы аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған Әжелер алқасына басшылық жасайды. Сонымен қатар қала әкімі аппаратының жанындағы қоғамдастыққа мүше ретінде Абай мөлтекауылында ауыл биі қызметін де атқарады.
Жыл сайын 9 мамыр қарсаңында Жамал апай өзінің әзіз әкесін еске түсіріп, рухына құран бағыштауды әдетке айналдырған. Ұлы Отан соғысы басталғанша Алматы қаласындағы теміржол депосында қажырлы еңбек еткен әкесі Өтеген Иманбаев 1906 жылы Шамалғанда дүниеге келген екен. Соғыс басталған кезде Өтеген ағамыз 35 жаста болған. 1941 жылы 9 қыркүйек күні әскерге аттанады. Бұл туралы Жамал апай былай деп еске алады:
– Анамның айтуы бойынша, әкемді әскери комиссариат екі-үш мәрте шақырады. Әр кеткен сайын үй-ішімен қоштасып кетеді екен де, эшелон толып қалған соң, оларды үйлеріне қайтарып жібереді екен. Тағы бір шақырту келгенде «Әй, бұ жолы да кете қоймаспыз, қайтып келем ғой» деп ойлаған әкелері ешкіммен қоштаспай әскери комиссариатқа аттаныпты да, сол барған бойда оларды пойызға тиеп ала жөнелген ғой. Осылайша, әкемнің кеткенін ешкім білмей де қалыпты. Ол кезде мен небәрі 2 айдан енді асқан шақалақ болған екем. Әкем мені «Жәмкөшім» деп еркелетіпті. Кейін өсіп, ес кірген соң анамнан күнде әкемнің қандай адам болғандығын сұраймын ғой. Сол кезде анам: «Айнаның алдына барып қарашы. Айнадан кімді көрдің?» – дейтін. «Өзімді көрдім» десем, анам: «Міне, сенің әкең дәл сол айнадан көріп тұрған адамыңа ұқсайтын еді», – деп мейірлене жауап қайтаратын. Бұл сөзге мен «Алақай, мен әкеме ұқсаған екенмін!» деп қатты қуанғанмын. Сол өзім көріп-білмеген әзіз әкемді бала қиялыммен елестетіп өстім. Әскерге кеткен соң бір-ақ рет хат келіпті, содан қайтып дерек болмайды. Суретке де түсіп үлгермеген қайран әкемнің бейнесін батырларша елестетіп, талай түндерді ұйқысыз атырдым…
…1942 жылдың шілдесінде Сталинград майданы қызып сала берді. Өлермендікпен ұмтылған жау жағы қаһарман қаланы алу үшін бар күшін салды. Күздің қара суығына дейін қаланың әрбір үйі мен шаршы метрін бір қадам да шегінбей қорғаған кеңестік жауынгерлердің арасында Өтеген Иманбаев та бар еді. Қаһармандықтың үлгісін көрсеткен кеңес жауынгерлері қараша айынан бастап қорғанысты қойып, тың күшпен шабуылға шыға бастайды. Өлім мен өмір айқасқан сол қанды қырғында біздің сарбаздар ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Кезекті бір шаубыл кезінде Өтеген Иманбаевқа оқ тиіп, қайтыс болады. Батырлықпен шайқаса жүріп, 36 жасында қаза табады. Бұл 1942 жылдың 23 қарашасы еді.
– Біз әкеміздің қаза тапқанын естігеніміз жоқ. Әкеміз жауды жеңіп, ортамызға аман-есен оралады деп жүрдік. Өмір-бақи жұмысшы болған анам өз қолымен ұршықпен жіп иіріп, 100 қолғап пен 100 байпақ тоқып, майданға аттандырған екен. Ұрыс аяқталған соң зұлматтан аман қалған сарбаздар елге орала бастады. Біз күнде жолға шығып, әкемізді күтетінбіз, – дейді Жамал Өтегенқызы.
Деректер бойынша, Өтеген Иманбаевтың Волгоград облысы, Клет ауданындағы бауырластар зиратына жерленгені белгілі болды. Жамал апайдың ендігі арманы – әке басына барып топырақ салып, тағзым ету.
– Ілгеріде үкіметтің жұмысы деп құнт қылмадық. Енді бауырларыммен, бала-шағаммен ақылдасып, Ресейге барып қайтуды жоспарлап отырмыз. Сталинград қырғынында ерлікпен қаза тапқан әке рухына тағзым ету – көңіл түкпіріндегі армаымның бірі. Құдай қаласа, сол күнге де жетермін деп отырмын, – дейді Жамал Өтегенқызы.
Бала кездегі арманы бойынша ұстаз болуды мақсат еткен Жамал Өтегенқызы Алматы қаласындағы №278 орта мектепті үздік бітірген соң, бұрынғы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түсті. Өмірлік жолдасы Пайызхан Төлешов ағамен шаңырақ көтеріп, Шардарада ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарды. 1965–1967 жылдары Алматы қаласының №49 мектебінде математика пәнінің мұғалімі болған Жамал апай 1967–1970 жылдары Шардара қаласындағы кешкі жұмысшы жастар мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады. Ал 1971–1978 жылдары № 8 балабақшаның меңгерушісі, 1979–2002 жылдары Шардара орта мектебінің директоры, 2002–2008 жылдары осы мектептің психологі, математика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды. Сондай-ақ 1986–1988 жылдары Шымкент қаласы Марксизм-Ленинизм университетінде оқып, үздік дипломмен аяқтады. Сөйтіп 1974 жылдан 2005 жылға дейін ұдайы барлық шақырылымдағы аудандық, қалалық, мәслихат депутаты болса, 1972 жылдан аудандық партия комитетінің мүшесі, 1984 жылдан аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, 1988–2001 жылдары аудандық білім бөлімінің директорлар кеңесінің төрайымы, ал 2007 жылдан Нұр Отан ХДП-ның қоғамдық кеңесінің мүшесі болды. Сондай-ақ 1998 жылы Астанада өткен республикалық 11 әйел форумына қатысып келді. «Ел егемендігінің 10 жылдығы», «Тыңға – 50 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерекелік медальдарымен, екі рет Елбасының Алғыс хатымен, облыстық, аудандық мәслихаттың, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен де марапатталды. Жамал апай 2002 жылы Шардара ауданының Құрметті азаматы атанды. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Елбасының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді.
Қыздары Әлия мен Ақмарал ата-ана жолын қуып, мұғалімдік қызмет атқарса, ұлдары Асқар еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін салада жұмыс істеп келеді. Осынау ұл-қыздардан он екі немере сүйіп отырған жайлары бар.
Ұлы Жеңіс мерекесінде әкесі туралы тебіреніске толы естелік айтқан Жамал апамыздың деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.
Дайындаған – Әділ ӘБДІРАМАН
