Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасында шетелдіктерге жер сатуға тыйым салу алынып тасталды деген ақпарат шындыққа сәйкес емес.
Жалған ақпарат фактілерді бұрмалау болып табылады. Қолданыстағы Конституцияның 6-бабы, 3-тармағына сәйкес «жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар» жөніндегі тұжырым жаңа Конституция жобасында өзгеріссіз қалған. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия да бұл нормалар өзгеріссіз қалатынын растады.
Сонымен қатар, мемлекеттің тұтастығы мен унитарлығы мәселелеріне қатысты бұрын қорытынды және өтпелі қағидаларда көрсетілген ережелер жаңа Конституция жобасында конституциялық құрылыстың негіздері ретінде бастапқы тарауларда бекітілген. Бұл Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен базалық қағидаттарының өзгермейтіндігіне құқықтық кепілдікті күшейтеді.
2026 жылғы 30 қаңтардағы жаңа Конституция жобасының 2-бабы:
- 2-т: Қазақстан Республикасының Егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, бөлінбеуін, оған қол сұғылмауын қамтамасыз етеді.
- 6-т: Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді.
Осылайша, шетелдіктерге жер сатуға тыйым салудың күшін жою туралы мәлімдемелердің құқықтық негізі жоқ және азаматтарды жаңылыстырады.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы фактілерді бұрмалау мен манипуляциялық мәліметтердің таралуы құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Азаматтар мен медиа өкілдерін ресми дереккөздерден ақпарат тексеруге және деструктивті мәліметтердің таралуына жол бермеуге шақырамыз.
