«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» – атам қазақтың сөзі Меруерт Үсіпбайқызы Жұмалиеваға дәл келеді. Қараторы, мөлдіреген тұнжыр көздері, сабырлы, парасатты мінезі – оны жай адам емес, ойлы адам етеді.
Келес өңірінің Абай ауылында дүниеге келген Меруерт өнер жолында отыз жылдан астам еңбек етті. Мектеп қабырғасынан бастап би үйірмесіне қатысып, облыстық фестивальдар мен байқауларда көзге түсіп, өнерге деген махаббатын көрсетті. 1977 жылы Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы мәдениет институтын «Мәдени-ағарту қызметкері» мамандығы бойынша тәмамдап, туған жері Келесте мәдениет саласында қызметке орналасты.
Меруерт «Келес көркі» ансамблі, «Тамаша» ойын-сауық отауы, «Дидар» ұлт аспаптар оркестрінде әнші болды. 1978 жылы «Шығыс трагедиясы» қойылымына атсалысып, халық театры атағын алды. Содан бері Қалтай Мұхамеджановтың, Аманжол Шамкеновтың, Мұхтар Әуезовтің, Дулат Исабековтің туындыларында басты рөлдерді сомдап, облыстық және республикалық байқаулардың лауреаты атанды.
Келес өңірінде оған «Айша» деп те ат қойған. Өнер жолы – қиын, әсіресе әйел үшін. Бірақ Меруерт апай сүйікті ісіне берік болып, жолдасы Нұржан Орынбаевпен бірге балаларымен гастрольдік сапарларға қатысып, өнерін ұрпаққа жеткізді.
Он төрт жыл Келес мәдениетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Меруерт Үсіпбайқызы 1994 жылдан облыстық халық шығармашылығы орталығында жетекші маман болып еңбек етті. Қазіргі таңда жалғыз ұлы Дінмұхаммедтің бақытын қадағалап, немерелерінің қуанышын көріп отыр.
Өмірде әр өнерпаздың өз биігі, өз бағасы бар. Меруерт апай – өз бағасын жас кезінде-ақ алған, ақиқатында өнер дарыған дара талант.
