Жер мәселесі – қазақ үшін қашанда қасиетті ұғым. Өйткені жер – тіршілік, жер – ата-бабаның табаны тиген киелі мекен, ұрпаққа қалатын аманат. Ауылдағы ағайынның да ең жанды жері – жайылым мен қоныс мәселесі. Сондықтан бұл салада қызмет ету тек мамандық емес, үлкен жауапкершілік. Біз Бәйдібек аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Оразов Нұралы Ерәділұлымен сұхбаттасып, жер дауы, халық сенімі, мемлекеттік қызметтің салмағы мен бүгінгі шенеуніктің болмысы туралы әңгіме өрбіттік.
— Нұралы Ерәділұлы, мемлекеттік қызметке келуіңізге не себеп болды?
— Мемлекеттік қызметке келуіме ең алдымен елге деген жауапкершілік сезімі себеп болды. Жылдар бойы алған білімім мен еңбек жолында жинақтаған тәжірибемді тек өзім үшін емес, халықтың игілігіне жұмсағым келді. Ауылдағы қарапайым халықтың жерге қатысты мәселелерімен жиі бетпе-бет келіп жүрдік. Сонда бұл саланың қаншалықты маңызды екенін терең түсіндім. Жер – жай ғана мүлік емес, ол – елдің ырысы, халықтың несібесі. Сондықтан осы салада адал еңбек етіп, жұрттың алғысын алсам деген ниет болды. Сол ой мені 2018 жылдың басында жер қатынастары бөліміне алып келді. Алғашында маман болып бастадым. Мемлекеттік қызметтің оңай еместігін сол кезде-ақ сезіндім. Өйткені бұл жерде тек құжатпен емес, адам тағдырымен жұмыс істейсің. Мен үшін мемлекеттік қызмет – мансап қуалау емес, халыққа қызмет ету. Егер бір азаматтың мәселесі шешіліп, разы болып шықса, соның өзі үлкен мотивация береді. Халықтың сенімін ақтау – мен үшін ең үлкен міндет.
— Қайда туылдыңыз, білім алдыңыз, еңбек жолын қайдан бастадыңыз, мемқызметте қалай сатылап өстіңіз?
— Мен Шымкент қаласы Абай ауданындағы бұрынғы Кирв бөлімшесінде, қазіргі Ынтымақ елді мекенінде дүниеге келдім. Балалық шағым ауылдың қарапайым тіршілігімен, еңбекпен, елдің тынысымен біте қайнасып өтті. Алғашқы білімді туған қалам №54 Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орта мектептен алдым. Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ жауапкершілік пен еңбекқорлықтың адам өміріндегі орнын түсіне бастадым. 2002 жылы осы мектепті тәмамдап, болашақ мамандығымды таңдауда көп ойландым. Ақыры елге қажетті, жауапкершілігі жоғары сала ретінде жер қатынастары бағытын таңдадым.Жоғары оқу орнында «Жерге орналастыру» және «Құқықтану» мамандықтарын меңгердім. Меніңше, жер саласында тек техникалық білім жеткіліксіз. Заңды да терең білу қажет. Өйткені жер мәселесі – халық тағдырымен тікелей байланысты өте нәзік сала. Сондықтан екі бағытты қатар алып жүру маған тәжірибе мен кәсіби тұрғыда көп көмегін тигізді. Еңбек жолымды 2006 жылы Бәйдібек аудандық жер кадастр филиалында қарапайым оператор болып бастадым. Қарапайым қызметтен бастаудың өзі үлкен мектеп болды деп есептеймін. Сол жылдары жұмыстың бүге-шігесіне дейін үйренуге тырыстым. Кейін осы саладағы тәжірибем мен еңбегімнің нәтижесінде 2008-2015 жылдары Бәйдібек аудандық жер кадастр филиалының директоры қызметін атқардым. 2015-2017 жылдары Сарыағаш аудандық жер кадастр бөлімінің басшысы болып жұмыс істедім. Әр ауданның өзіндік ерекшелігі, халықтың өз мәселесі болады. Бұл кезең мен үшін тәжірибе мектебі болды десем артық емес. 2017-2018 жылдары жеке кәсіпкерлік салада да өзімді сынап көрдім. «Ер-Нұр» жеке кәсіпкерлігінің директоры ретінде еңбек еттім. Бұл уақыт маған басқару, жауапкершілік және адамдармен жұмыс істеу жағынан үлкен тәжірибе берді. 2018 жылы мемлекеттік қызметке қайта оралып, Бәйдібек аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы қызметіне кірістім. Кейін бөлім басшысы қызметін атқарып келемін. 2021-2024 жылдары «Кадастрлық жоба» ЖШС-ның директоры болып қызмет еттім.
— Не үшін жер саласын таңдадыңыз?
— Негізі жер саласына деген қызығушылығым ерте қалыптасты. Ауылда өсіп, елдің тұрмыс-тіршілігінің жермен тікелей байланысты екенін көріп өстік. Қазақ үшін жердің орны ерекше ғой. Жер – тек кәсіп көзі емес, ол – ата-бабадан қалған аманат, халықтың ырысы мен берекесі. Сондықтан бұл саланың маған әрдайым жақын болғаны рас.Мектеп қабырғасында жүрген кездің өзінде жерге қатысты мамандықтарға қызығушылық танытатынмын. Кейін осы бағытта білім алып, саланың қыр-сырын тереңірек түсіне бастағанда қызығушылығым тіпті артты. Өйткені жер саласы сырт көзге жай ғана құжат немесе карта болып көрінгенімен, оның артында үлкен жауапкершілік жатыр. Бұл – ауылдың дамуына, халықтың тұрмысына, елдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды сала. Маған әсіресе осы саланың халықпен етене байланыста болуы ұнайды. Себебі жер мәселесі – кез келген адамға жақын тақырып. Біреуге жайылым керек, біреуге егіндік жер қажет, енді біреу ата қонысының мәселесін көтеріп келеді. Осындай кезде адамдардың мәселесін заң аясында шешуге атсалысу – үлкен жауапкершілік әрі азаматтық міндет деп білемін. Сондықтан жер саласын таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Керісінше, бұл менің өзіме жақын, жүрегім қалаған мамандығым болды деп айта аламын.
— Мемлекеттік қызмет сіздің мінезіңізді өзгертті ме?
— Мемлекеттік қызмет менің өміріме үлкен жауапкершілік алып келгенімен, мінезімді түбегейлі өзгертті деп айта алмаймын. Өйткені адам қандай қызметте жүрсе де, ең алдымен өзінің адамдық болмысын жоғалтпауы керек деп ойлаймын. Мен жұмысқа алғаш келген кездегі қарапайым қалпымнан алыстамауға тырысамын.Әрине, жылдар өте келе тәжірибе жинақталады, сабыр қалыптасады, адамдармен жұмыс істеудің қыр-сырын үйренесің. Мемлекеттік қызмет адамды ұстамдылыққа, салмақтылыққа тәрбиелейді. Кей жағдайда ашуға ерік бермей, мәселені сабырмен шешуге үйренесің. Бірақ соның бәрі адамның мінезін өзгерткеннен гөрі, оны шыңдай түседі деп ойлаймын. Мен үшін қызмет – кісіліктен биік емес. Сондықтан халықпен сөйлескенде де, әріптестермен араласқанда да қарапайым болуға тырысамын. Қай кезде де «лауазым уақытша, адамдық мәңгі» деген қағиданы ұстанамын. Сол себепті жұмысқа алғаш тұрған күнімдегі ниетім мен бүгінгі көзқарасымның арасында үлкен айырмашылық жоқ деп айта аламын.
— Шенеунік болудың ең ауыр тұсы не?
— Шенеунік болудың ең ауыр тұсы – халықтың сенімін арқалау деп ойлаймын. Өйткені мемлекеттік қызметте сен тек өз атыңа емес, тұтас мемлекетке деген сенім үшін жұмыс істейсің. Қабылдауыңа келген әр адам саған үмітпен қарайды. Оның мәселесі шешілсе – қуанып шығады, шешілмесе – көңілі қалады. Сондықтан халықтың сенімін жоғалтып алмау өте үлкен жауапкершілік. Кейде бір ғана шешімнің артында бірнеше адамның тағдыры тұрады. Әсіресе жер саласында бұл анық сезіледі. Себебі жер мәселесі – өте нәзік, өте сезімтал тақырып. Біреудің ата кәсібі, біреудің нәпақасы, енді біреудің ертеңгі жоспары сол жермен байланысты болуы мүмкін. Осындай кезде әр шешімді заңға сүйеніп қана емес, адам тағдырын да ескеріп қабылдауға тырысасың. Сырт көзге шенеунік болу кабинетте отырып құжат қарау сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның артында үлкен салмақ жатыр. Кейде халықтың өкпесін де естисің, ренішін де көресің. Соның бәріне сабырмен қарап, әділ шешім қабылдау – ең қиын әрі ең жауапты тұс деп айтар едім. Мен үшін қызметтің ауырлығы – лауазымда емес, сол сенімді ақтай білуде. Халық «осы азамат мәселені әділ шешеді» деп сенсе, одан асқан жауапкершілік жоқ.
— Кабинетте отырып халықтың мәселесін толық сезіну мүмкін бе?
— Жоқ, кабинетте отырып халықтың шынайы мәселесін толық сезіну мүмкін емес деп ойлаймын. Қағаздағы есеп пен адамның көзіндегі мұң екі бөлек дүние ғой. Кейде құжатта бәрі дұрыс көрінгенімен, ел арасына барып, халықпен бетпе-бет сөйлескенде мәселенің мүлде басқа қыры ашылады. Сондықтан мен мүмкіндігінше адамдармен тікелей кездесіп, олардың сөзін өз аузынан естігенді дұрыс көремін. Өйткені кей жағдайда адамға ресми жауаптан бұрын, оны тыңдайтын жан керек болады. Халықтың жағдайын кабинетте отырып емес, ауыл аралап, елдің ортасына барғанда ғана тереңірек түсінесің.Әсіресе жер мәселесі – өте сезімтал тақырып. Адамдар жер үшін тек құжат емес, күнкөрісі, отбасының болашағы үшін келеді. Сол себепті мәселені созбай, халықпен бірге отырып, жан-жақты талқылап, мүмкіндігінше сол жерде шешуге тырысамын. Меніңше, шенеунік халықтан алыстамауы керек. Елдің ортасында жүрген адам ғана олардың мұң-мұқтажын сезіне алады.
— Қызмет жолында қателескен кезіңіз болды ма? Одан қандай сабақ алдыңыз?
— Әрине, қателіксіз өмір болмайды ғой. Қызмет жолында да адам түрлі жағдайға тап болады, әр шешіміңе қайта қарап, ой елегінен өткізетін сәттер кездеседі. Мен үшін әр қателік – тоқтау емес, керісінше сабақ болды. Уақыт өте келе түсінесің: ең маңыздысы қателеспеу емес, қателіктен дұрыс қорытынды шығара білу екен. Сол тәжірибе адамды шыңдайды, ойыңды тереңдетеді, жауапкершілікті күшейтеді. Өз-өзіммен жұмыс жасауды, әр істі қайта саралап қарауды үйрендім.Әрине, кейде сүрінген сәттер болады. Бірақ ол мені тоқтатқан жоқ. Керісінше, сынаққа сынбай, қайта тұрып, алға қарай жүруге жігер берді. Қызмет жолында ең бастысы – табандылық пен қайсарлық деп білемін.
— Нұралы Ерәділұлы, Бәйдібек ауданында бос жатқан, бірақ халық пайдалана алмай отырған жерлер бар ма? Бар болса, оған кім жауапты?
— Иә, аудан аумағында бос жатқан жерлер бар. Бірақ бұл мәселе бір ғана көзқараспен қаралатын дүние емес, жердің әрқайсысының өз санаты, өз заңдық тәртібі бар. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер пайдаланылмай бос жатса, ол заң талаптарына сәйкес міндетті түрде мемлекет тарапынан бақылауға алынып, конкурс арқылы қайта айналымға беріледі. Яғни жер – ешқашан қараусыз қалмауы тиіс ресурс. Ол міндетті түрде халық игілігіне жұмыс істеуі керек. Ал халық жиі көтеретін ортақ жайылым мәселесіне келсек, бұл бағытта ауданымызда біршама жүйелі жұмыстар атқарылды деп айтуға болады. Дегенмен, жерге деген сұраныс пен халық санының өсуіне байланысты бұл тақырып әрдайым бақылауды қажет етеді. Жалпы, жердің тиімді пайдаланылуына жер қатынастары бөлімі жауапты. Бұл жерде бөлім ғана емес, тікелей жауапкершілік бөлім басшысының да мойнында. Сондықтан әр шешім заң аясында, ашық әрі әділ түрде қабылдануы тиіс.
— Кейде халық «жақыны бар жер алады, қарапайым адам сандалады» деп ренжиді. Мұндай пікірдің тууына не себеп деп ойлайсыз?
— Бұл – қоғамда жиі айтылатын, өкінішке қарай, сенімнен гөрі күмән көбірек туған пікір. Бірақ мен өз басым мұнымен келіспеймін. Себебі заң бәрімізге ортақ, талап та, тәртіп те бірдей. Жер мәселесінде шешім жеке адамның таныстығымен емес, нақты заң нормалары мен конкурс тәртібі арқылы қабылданады. Дегенмен, мұндай пікірдің тууына кейде ақпараттың жетіспеуі немесе процестің толық түсіндірілмеуі себеп болуы мүмкін. Адам кейде шешімнің қалай шыққанын білмегендіктен күмәнмен қарайды. Сол үшін ашықтық пен түсіндіру жұмысы өте маңызды деп ойлаймын. Халықпен дұрыс диалог орнаса, көп күдік өзінен-өзі сейіледі. Сондықтан біз үшін ең басты міндет – әр істі заң аясында ғана емес, ашық әрі түсінікті түрде жүргізу.
— Жер қатынастары саласына қатысты халықтың сенімі төмендеп кеткен жоқ па?
— Жер қатынастары саласына деген сенім туралы әртүрлі пікір айтылатыны рас. Дегенмен, біздің аудан бойынша халықтың сенімі төмендеп кетті деп айта алмаймын. Себебі бұл салада әрбір шешімнің артында нақты заң мен ашық тәртіп тұр. Менің басты ұстанымым – алдыма келген әрбір азаматтың мәселесіне бейжай қарамау. Кімнің де болса өтініші болса, оны мүмкіндігінше заң аясында қарап, шешімін табуға бар күшімді саламын. Кейде мәселе бірден шешіледі, кейде уақыт пен қосымша тексерісті қажет етеді. Бірақ ең маңыздысы – әр адамның сұрағы жауапсыз қалмауы. Халықтың сенімі – ең үлкен бағалау өлшемі. Сондықтан біз үшін басты міндет – сол сенімді ақтау, ашық жұмыс істеу және әр істі әділдікпен шешуге тырысу.
— Жайылым тапшылығы ауылдағы ағайынның жүйкесіне тиіп тұрған мәселе. Бұл түйіннің нақты шешімі бар ма?
— Жайылым мәселесі – тек біздің ауданның емес, жалпы еліміздің көптеген өңіріне тән өзекті түйін. Бұл мәселені жоққа шығаруға болмайды, өйткені халық саны да, мал басы да жылдан-жылға өсіп келеді. Соған сәйкес жайылымға деген сұраныс та арта түсетіні заңдылық. Дегенмен, аудан көлемінде бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни бос жатқан немесе тиімді пайдаланылмай отырған жерлерді қайта айналымға енгізу, ортақ жайылым қорын кеңейту сияқты шаралар қолға алынуда. Кейбір ауылдарда бұл мәселе біршама реттелді деп айтуға болады. Әрине, жер мәселесінде «толық шешілді» деу қиын. Өйткені қоғам дамыған сайын жаңа қажеттіліктер пайда болады. Бірақ басты мақсат – халықтың тұрмысын ескеріп, жайылым тапшылығын азайтуға бағытталған нақты жұмыстарды тоқтатпау.Меніңше, бұл – бір күнде шешілетін мәселе емес. Бірақ дұрыс жоспар мен заң аясындағы жүйелі жұмыс арқылы оны кезең-кезеңімен реттеуге болады.
— Мемлекетке қайтарылған жерлердің кейінгі тағдыры қалай болады? Олар шынымен халық игілігіне беріліп жатыр ма?
— Мемлекетке қайтарылған жерлердің тағдыры әрдайым қатаң тәртіппен және заң талаптарына сәйкес шешіледі. Бұл жерлер қараусыз қалмайды, керісінше қайтадан халық игілігіне жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалады. Егер қайтарылған жер ауылға жақын орналасса, ең алдымен сол ауылдың қажеттілігі ескеріледі. Мұндай жерлер көбіне ортақ қоғамдық жайылым ретінде арнайы жер қорына енгізіліп, ауыл тұрғындарының пайдалануына беріледі. Өйткені ең әуелі жер – жергілікті халықтың тұрмысын жеңілдетуге қызмет етуі тиіс.Ал егер жер учаскесі шалғай орналасып, ауыл қажеттілігіне тікелей пайдалануға келмесе, ол қайтадан айналымға енгізіледі. Яғни заң аясында конкурс арқылы ашық түрде беріліп, нақты пайдаланушысы анықталады. Біздің басты мақсат – қайтарылған әрбір гектар жердің бос жатпай, ел экономикасына немесе халықтың тұрмысына нақты пайда әкелуі.
— Жер алып, бірақ игермей отырған азаматтарға қандай талап күшейтілуі керек?
— Бұл мәселе қазіргі таңда өзекті екені рас. Жер алып, бірақ оны мақсатына сай игермей отырған азаматтар кездеседі. Дегенмен, мемлекет тарапынан мұндай жағдайлар бақылаусыз қалмайды. Ең алдымен, жер тек қағаз жүзінде емес, нақты игеріліп, айналымға түсуі керек деген талап қатаң сақталуы тиіс. Яғни жерді алған азамат белгілі бір мерзім ішінде оны мақсатына сай игеруге міндетті. Егер бұл талап орындалмаса, заңға сәйкес тиісті шаралар қабылданып, ол жер мемлекет меншігіне қайтару процесіне жіберіледі.Қазірдің өзінде мұндай жерлерді анықтау, тексеру және қайта айналымға енгізу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Меніңше, басты талап – жердің бос жатпауын қамтамасыз ету. Жер – инвестиция немесе құжат үшін алынатын дүние емес, ол ең алдымен еңбек пен нәтиже талап ететін ресурс.
— Бүгінде жер саласында цифрландыру жүріп жатыр дейміз. Бірақ ауылдағы қарапайым адам оның игілігін сезініп отыр ма?
— Бүгінде жер саласында цифрландыру бағытында үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Бұл – саланың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам деп есептеймін. Бірыңғай электронды базаның енгізілуі көптеген процесті жеңілдетті, бұрынғыдай ұзын-сонар кезек пен қағазбастылықты азайтты. Әрине, ауылдағы қарапайым халықтың бәрі бірдей бірден толық игілігін сезініп кетті деу қиын. Бірақ жалпы алғанда жағдай айтарлықтай жеңілдеді. Қазір көп азаматтың қолында смартфон бар, көптеген қызметтерді онлайн форматта алуға мүмкіндік пайда болды. Бұл өз кезегінде уақытты үнемдеп, процесті ашық етуге жол ашып отыр. Дегенмен цифрландыру тек жүйе енгізумен шектелмеуі керек. Ең бастысы – халыққа түсіндіру жұмыстары. Әсіресе ауыл тұрғындарына бұл қызметтерді қалай пайдалану керегін үйрету маңызды. Сонда ғана цифрландырудың нақты пайдасын әрбір азамат толық сезіне алады.
— Бірақ халық әлі де бюрократияның бар екенін айтады…
— Халық арасында мұндай пікірдің айтылатыны рас, оны жоққа шығара алмаймын. Дегенмен, қазіргі таңда мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі барынша оңтайландырылып, көп процесс электронды форматқа көшіп жатыр. Әрине, құжатпен жұмыс істегенде белгілі бір тәртіп пен талаптар болады. Бірақ бұл бюрократия емес, заңмен бекітілген рәсімдер. Құжатты дұрыс түсініп, талаптарын нақты орындаған азамат үшін бұл процестер аса күрделі емес деп ойлаймын.
— Сіздің кабинетіңізге ең көп қандай шағым түседі?
— Біздің кабинетке түсетін шағымдардың басым бөлігі жерді конкурс арқылы бөлу мәселесіне қатысты. Яғни бір лотқа бірнеше азаматтың өтініш беруі жиі кездеседі. Әрине, заң талабына сәйкес солардың ішінен бір ғана жеңімпаз анықталады.Осындай жағдайда жеңімпаз болмаған азаматтардың тарапынан түсінбеушілік туындап, арыз-шағым түсіретін кездер болады. Кейбірі тіпті сотқа дейін жүгінеді. Қазір де осындай істер сот тәртібімен қаралып, тиісті шешімін күтіп отыр. Біз үшін ең маңыздысы – барлық процестің ашық әрі заң аясында өтуі. Өйткені конкурс болған жерде міндетті түрде бәсеке бар, ал бәсеке бар жерде түрлі пікірдің туындауы да заңды құбылыс. Бастысы — әділ шешім!
—Нұралы Ерәдәлұлы, кей жағдайда тұрғындар мен шенеуніктің арасын түсініспеушілік алыстатып жібереді. Сіз халықпен жұмыста қандай қағиданы ұстанасыз?
— Кейде тұрғындар мен шенеуніктің арасындағы түсініспеушілік шын мәнінде арақашықтықты ұлғайтып жіберетіні рас. Мұндай жағдайдың алдын алудың ең дұрыс жолы – ашықтық пен тікелей диалог деп білемін. Менің негізгі қағидам – алдыма келген әрбір азаматты мұқият тыңдау. Ол жеке мәселе болсын немесе көпті толғандырған түйін болсын, бәріне бірдей жауапкершілікпен қарау керек. Кейде мәселені бірден шешу мүмкін болмайды, бірақ ең маңыздысы – адамның сөзін естіп, жағдайын толық түсіну. Қажет болған жағдайда дауға қатысы бар барлық тарапты шақырып, мәселені бірге талқылауға тырысамын. Өйткені көп жағдайда түсініспеушілік дұрыс коммуникацияның болмауынан туындайды.Халықпен ашық жұмыс істеу – сенімді нығайтады.
— Бүгінгі қоғамда нағыз шенеунік қандай болуы керек?
— Бүгінгі қоғамдағы нағыз шенеуніктің бейнесі уақыт талабымен бірге өзгеріп келеді деп ойлаймын. Ең алдымен ол өз жеке амбициясынан гөрі халықтың мүддесін жоғары қоятын, елге адал қызмет етуді басты ұстанымға айналдырған азамат болуы керек. Қазіргі заман – цифрландыру мен ашықтық дәуірі. Сондықтан мемлекеттік қызметкер тек қағазбасты маман емес, жаңа технологияны жетік меңгерген, заманауи жүйелермен жұмыс істей алатын, процесті жеңілдетуге қабілетті менеджер болуы қажет. Сонымен қатар заңдылық пен әділеттілік – оның басты өлшемі. Қай шешім болса да, тек заң аясында әрі барынша ашық қабылдануы тиіс. Меніңше, бүгінгі шенеунік – кабинетте отырып бұйрық беретін адам емес, керісінше халықтың ортасына барып, түйткілді мәселелерді өз көзімен көріп, оны жедел шешуге ұмтылатын, жауапкершілікті өз мойнына ала білетін реформатор болуы керек.
—Нұралы мырза, бір күнге барлық лауазымнан бас тартуға дайын болар ма едіңіз?
— Бұл сұраққа мен бір ғана оймен қараймын: қызмет – уақытша, ал елге қызмет ету – тұрақты міндет. Сондықтан мемлекет қай салада, қандай бағытта жұмыс істеуді қажет деп тапса, соған бейімделіп, еңбек етуге әрдайым дайынмын.Лауазымнан бас тарту да, жаңа жауапкершілік алу да – мемлекеттік қызметтің табиғатына тән нәрсе. Ең бастысы – қай орында жүрсең де адалдық пен жауапкершіліктен айнымау. Мен үшін лауазымнан гөрі атқарып отырған істің мазмұны маңызды. Сондықтан бір күнде кез келген шешім қабылданса да, оны сабырмен қабылдап, мемлекет мүддесіне сай қызмет етуге дайынмын.
— Қызмет пен отбасының тепе-теңдігін сақтау қиын ба?
— Қызмет пен отбасының тепе-теңдігін сақтау – кез келген мемлекеттік қызметкер үшін маңызды дүние. Әрине, жұмыс уақыты, жауапкершілік, түрлі мәселелер кейде көп уақыт пен күшті талап етеді. Бірақ соған қарамастан отбасының орны бөлек, ол – адамның тірегі, рухани қуаты. Мен өзім бұл тепе-теңдікті сақтауға тырысамын. Жұмыс өтілімім 20 жылдан асты, осы уақыт ішінде елге қызмет етуді басты міндетім деп білдім. Қаншалықты жауапкершілік артылса да, отбасымның қолдауы әрдайым күш беріп келеді. Аллаға шүкір, ата-анам бар, бауырларым аман. Екі әпкем, үш ағам бар үлкен әулетпіз. Жұбайым екеуміз үш қыз, екі ұлды тәрбиелеп отырмыз. Осындай берекелі отбасы – кез келген қиындықта сүйеніш болатын ең үлкен байлық. Сондықтан жұмыстың салмағы қанша ауыр болса да, отбасының жылуы адамды әрдайым алға жетелейді.
— Нұралы Ерәділұлы, қызметтен кеткен күні халық сізді қалай еске алғанын қалар едіңіз?
— Қызметтен кеткен күн келгенде, ең алдымен адамды бағалайтын да, сын да айтатын да – халық. Сол үшін ең үлкен арманым да, басты тілегім де бір-ақ нәрсе: елдің арасында адал қызмет еткен азамат ретінде есте қалу. Әрине, адамға айтылатын ең жылы сөз – «халыққа пайдасы тиген еді» деген баға. Өйткені лауазым уақытша, ал артта қалатын із – сол атқарған еңбегің. Егер мені бір күні халық «өз ісіне жауапты, елдің сөзін тыңдай білетін, қолынан келгенше мәселені шешуге тырысқан азамат еді» деп еске алса, одан артық марапат жоқ деп ойлаймын. Бастысы – уақыт өте келе аты емес, атқарған ісің мен ниетің бағаланса екен деген тілек қана.
ТҮЙІН
Жер – елдің ырысы ғана емес, халықтың күнделікті тіршілігі мен болашағына тікелей әсер ететін ең жауапты сала. Осы тұрғыдан алғанда, Нұралы Оразовпен болған сұқбат мемлекеттік қызметтің сыртқы формасын емес, оның ішкі салмағын, адам тағдырымен астасқан жауапкершілігін айқын көрсетті. Кейіпкердің сөзінен бір нәрсе анық байқалады: Елге абыроймен қызмет ету. Сұқбат барысында жерге қатысты түйткілдер, жайылым мәселесі, цифрландыру, конкурс жүйесі және қоғамдағы сенім тақырыбы кеңінен қозғалды. Әр жауаптан заң мен әділдікке сүйенген, бірақ сонымен бірге адам факторын да естен шығармайтын көзқарас сезіледі. Бүгінгі қоғамда шенеунік бейнесі өзгеріп келеді. Кабинет пен қағаздан гөрі халықпен тікелей байланыс маңызды бола түскен заманда, мұндай ұстанымдағы мамандардың рөлі арта түсетіні сөзсіз.
