Шымкентте техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлері күніне орай «Кәсіби білім – кемел болашақ» атты салтанатты жиын өтті. Аталған ресми мереке техникалық және кәсіптік білім беру саласының беделін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат негізінде республикалық күнтізбеге енгізілген болатын. Жастар ресурстық орталығында өткен мерекелік іс-шарада саладағы жетекші мамандар бас қосты.
Салтанатты жиынға колледж директорлары мен педагогтері, өндірістік оқыту шеберлері, сала ардагерлері, студенттер және әлеуметтік серіктестер қатысты.
Дәстүр бойынша мерекелік іс-шара көрмеден басталды. Онда қонақтарға оқу орындарының жетістіктері таныстырылды. Кәсіби даярлық бағытындағы озық тәжірибелермен қатар, білім алушылардың шығармашылық және инновациялық жобалары көпшілік назарына ұсынылды.
Колледждердің жетістіктері өз ісіне адал, кәсіби мамандардың еңбегінің арқасында қалыпоасып отыр. Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов атап өткендей, бүгінде әр маманның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі артып келеді. Бұл жүйе экономиканы дамытуда маңызды рөл атқарады.
«Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі еліміздің экономикалық әлеуетін арттырудың және өндірістік саланы дамытудың негізгі тетіктерінің бірі саналадц. Қазіргі таңда қаладағы 35 колледжде 48 мыңнан астам студент білім алуда. Өңірдегі кәсіпкерлік субъектілерімен әріптестікті жолға қоюдың нәтижесінде 22 колледжде 10 мыңға жуық студент дуальды оқыту жүйесі бойынша білім алып жатыр. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау мақсатында оқу бағдарламалары жұмыс берушілердің талаптарымен толық сәйкестендірілген.
Сонымен қатар, WorldSkills халықаралық қозғалысы аясында біздің студенттеріміз де жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Жақында Шанхай қаласында өткен WorldSkills Shanghai – 2026 халықаралық чемпионатында студентіміз кәсіби шеберлігі үшін медаль иеленді», – деді басқарма басшысы.
Бұл жетістіктер Шымкент колледждерінде жастардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, практикалық даярлығын жетілдіруге және халықаралық деңгейде сұранысқа ие мамандар қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетті.
Салтанатты іс-шара соңында білім беру саласында ерекше көзге түскен қызметкерлер марапатталып, Шымкент музыкалық колледжінің шығармашылық ұжымдары дайындаған мерекелік концерт ұсынылды
