Бүгін аудан әкімінің төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өткізілді. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары және жауапты мекеме жетекшілері қатысты.
Мәжіліс барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе — Конго-Қырым қанды геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары туралы болды. Бұл мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Садибаев Серік баяндама жасап, қауіпті індеттің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Баяндамашы аурудың таралу қаупін азайту үшін санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және профилактикалық шараларды жүйелі жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық даму рейтингісі қаралды. Бұл туралы Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мырзахметов Ильяс баяндама жасап, ауданның даму көрсеткіштері мен негізгі бағыттары туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, экономикалық өсімді қамтамасыз ету, инвестиция тарту және әлеуметтік салаларды дамыту бойынша алдағы жоспарлар таныстырылды.
Үшінші мәселе ретінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен кездесіп отырған мәселелер талқыланды. Бұл жөнінде Сауран аудандық емханасының басшысы Стамкулов Бахыт баяндама жасады. Ол міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыру, тұрғындардың жүйеге толық қатысуын қамтамасыз ету және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі қаралған мәселелер бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, олардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
©️Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
