Созақ ауданында мемлекеттік гранттың игілігін көріп, өз кәсібін бастаған тұрғындардың қатары артып келеді. 1 572 800 теңгелік мемлекеттік грант бірнеше азаматқа жаңа кәсіп бастауға мүмкіндік беріп, табысын арттыруға және қосымша жұмыс орындарын құруға жол ашты.
Сызған ауылдық округінде көпбалалы отбасы санатындағы Дауренбекова Арайлым мемлекеттік гранттың көмегімен шағын наубайхана ашқан. Кәсіпкер нан және басқа да наубайхана өнімдерін дайындау арқылы жергілікті тұрғындардың сұранысын өтеп отыр. Бүгінде кәсібінен айына 100-120 мың теңге көлемінде табыс тауып, 1 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ал Шолаққорған елді мекенінде Балабекова Камила логопед орталығын ашып, балаларға қажетті қызмет көрсетуді қолға алған. Көпбалалы отбасы санатына жататын кәсіпкер 1 572 800 теңге көлемінде мемлекеттік грант иеленген. Өз кәсібі арқылы айына 100-120 мың теңге табыс тауып, 1 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл жоба кәсіпкерлікпен қатар, балаларға көрсетілетін әлеуметтік маңызы бар қызметтің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.
Құмкент ауылдық округінде тұратын Байрбекова Бақытгүл де мемлекеттік грантты тиімді пайдаланып, «PrintTex» тікелей басып шығару қызметін дамытып келеді. 3-топ мүгедектігі бар азаматша 1 572 800 теңге мемлекеттік грант алған. Бүгінде полиграфиялық қызмет көрсетіп, айына 100-120 мың теңге көлемінде табыс табады. Сонымен бірге 1 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Үш жобаның бағыты әртүрлі болғанымен, ортақ мақсаты – мемлекеттік қолдауды нақты іске айналдырып, табыс көзін қалыптастыру. Шағын наубайхана, логопед орталығы мен басып шығару қызметі – ауыл тұрғындарының сұранысына жауап беретін кәсіп түрлері.
Мемлекеттік гранттың басты нәтижесі де осында: азаматқа дайын жұмыс емес, өз кәсібін бастауға мүмкіндік беру. Ал оны тиімді пайдалану арқылы жеке табысын арттырып қана қоймай, өзгеге де жұмыс орнын ұсынуға болады.
Созақ ауданындағы бұл жобалар кәсіп бастауға ниетті азаматтарға мемлекеттік қолдаудың нақты мүмкіндігін көрсетіп отыр.
