Созақ ауданында мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл тұрғындары мал шаруашылығына негізделген шағын кәсіптерін дамытып, жергілікті өнім өндіруге мүмкіндік алып келеді. Соның бірі – Таукент кентінің тұрғыны Ержан Бөпіштаевтың таза еттен шұжық өнімдерін өндіру кәсібі.
Көпбалалы отбасы иесі Ержан Бөпіштаев 1 572 800 теңге көлемінде мемлекеттік грант алып, ет өнімдерін өндіру кәсібін қолға алған. Қазіргі таңда кәсіпкер таза еттен түрлі шұжық өнімдерін дайындап, тұтынушыларға ұсынып отыр. Кәсіп иесінің айтуынша, өнімге сұраныс бар. Кәсіптен айына 100-120 мың теңге көлемінде табыс тауып, бір азаматты жұмыспен қамтып отыр.
«Созақ үшін ет өнімдерін өндіру – өзекті бағыттардың бірі. Себебі ауданның ауыл шаруашылығында мал шаруашылығының үлесі жоғары. Кең жайылымы мен төрт түлік өсіруге қолайлы табиғи мүмкіндігі бар өңірде мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар мен жеке тұрғындар аз емес. Осындай жағдайда малды тек тірідей өткізу емес, одан дайын өнім өндірудің де маңызы артып келеді. Етті өңдеп, тұтынушыға дайын шұжық түрінде ұсыну – жергілікті шикізатты тиімді пайдаланудың бір жолы. Бұл әрі кәсіпкердің табысын арттыруға, әрі ауылдағы өнімнің қосымша құнын көтеруге мүмкіндік береді», дейді грант иегері Ержан Бөпіштаев.
Қазіргі таңда тұтынушылар арасында сапалы әрі таза еттен жасалған өнімдерге деген сұраныс жоғары. Әсіресе құрамы белгілі, табиғи шикізаттан дайындалған өнімдерге қызығушылық артып келеді. Сондықтан Ержан Бөпіштаев қолға алған кәсіптің ауданның мал шаруашылығымен сабақтастығы бар.
Мемлекеттік гранттың негізгі мақсатының бірі де – азаматтарға өз кәсібін бастап, табыс табуына және жаңа жұмыс орындарын құруына мүмкіндік беру. Таукенттегі шағын шұжық өндірісі осы қолдаудың нақты нәтижелерінің біріне айналып отыр.
