Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен «Сервистік және клиентке бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған қадамдық жоспарға» сәйкес, Созақ ауданында «Қызмет алушылар күні» іс-шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ халықпен тікелей кері байланыс орнату.
Шараға Созақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, Созақ аудандық орталық ауруханасының және Созақ аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жауапты мамандары қатысты.
Кездесу барысында азаматтарға денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау салалары бойынша кеңестер беріліп, тұрғындардың сауалдарына нақты әрі толық жауаптар ұсынылды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі туралы ақпараттық үнпарақтар таратылды.
«Қызмет алушылар күні» аясындағы кездесу мемлекеттік органдардың сервистік тәсілін дамытуға, ашықтықты қамтамасыз етуге және халықпен тиімді кері байланыс орнатуға бағытталды.
Іс-шараға қатысқан тұрғындар мамандардан қажетті ақпарат алып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша кеңес алды.
Осы орайда, халыққа мемлекеттік қызметтерді электронды форматта алудың тиімділігі мен жеңілдіктері де кеңінен түсіндірілді. Цифрландыру дәуірінде порталдар мен мобильді қосымшалар арқылы қызмет алу уақытты үнемдеп, бюрократиялық кедергілерді жоюға үлкен мүмкіндік береді. Мамандар тұрғындарға ЭЦҚ кілттерін алу, eGov порталын пайдалану және дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша да практикалық бағыт-бағдар берді.
Бұдан бөлек, шара аясында тұрғындардың мемлекеттік кызметтерді көрсету сапасына қатысты ұсыныс-пікірлері мен шағымдары да тыңдалды. Азаматтардан түскен әрбір өтініш пен ұсыным арнайы есепке алынып, алдағы уақытта қызмет көрсету процестерін оңтайландыру мен сапаны арттыруда басшылыққа алынбақ. Мұндай ашық диалог алаңы мемлекеттік органдарға халықтың шынайы қажеттіліктерін түсінуге және көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың сұранысына сай бейімдеуге мүмкіндік береді.
«Қызмет алушылар күні» сияқты бастамалар Созақ ауданында тұрақты түрде өткізіліп турмақ. Сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру – халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың пәрменді механизмі болып табылады. Осындай жүйелі шаралар елді мекендердегі тұрмыс сапасын жақсартуға және мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыруға оң ықпалын тигізеді.
