Түркістан облысы Жетісай ауданында биыл егілген қауынның алғашқы өнімі пісіп, Ресей нарығына экспорттала бастады.
Аудандағы 79,2 мың гектар суармалы жердің 44 мың гектарына мақта шиті себілсе, 17,1 мың гектарға бақша дақылдары, 7,5 мың гектарға дәндік жүгері, 3,7 мың гектарға көкөніс және 6,4 мың гектар алқапқа жоңышқа егілген.
Жетісай ауданының тұрғыны, «Әл-Фараби» шаруа қожалығының төрағасы Әл-Фараби Күзенбаев бірнеше жылдан бері диқаншылықпен айналысып келеді. Қожалық иелігіндегі 300 гектар жердің 260 гектарына мақта, 40 гектарына қауын егілген.
Шаруашылық биыл да өнімін нарыққа ерте шығарып отыр. Қауынның «Нұр-Бакинка» сорты ақпан айының соңында отырғызылған. Ауа райының жауын-шашынды болуына байланысты өнім жоспарланған 65 күнде емес, 80 күнде пісіп жетілген.
Қазіргі таңда алғашқы өнімдер Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына экспортталуда. Шаруалар қауынды делдалсыз, егістік басынан келісін 650 теңгеден сатып жатыр.
– Биыл қауынымыз сәл кештеу пісті. Дегенмен сұраныс жақсы. Аудан әкімдігі тарапынан ағын су каналдары уақытылы тазаланып, су тапшылығы болған жоқ. Өнімімізді делдалсыз өзіміз тиеп, Ресейге жөнелтіп жатырмыз, – дейді шаруа қожалығының төрағасы Әл-Фараби Күзенбаев.
Айта кетейік, биыл Жетісай ауданында 17,1 мың гектар жерге бақша дақылдары егілген. Оның 14,2 мың гектары қауын, 3 мың гектары қарбыз. Өткен жылы бақша дақылдарынан жалпы 510 мың тонна өнім алынған.
