Мәскеу қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Саммитке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадыков қатысты.
Жиында мемлекет басшылары ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылап, Ұйымның 2026 жылы атқарған қызметінің қорытындысын қарастырды және алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды айқындады. Сонымен қатар халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Владимир Путинге алғыс білдіріп, Ресей тарапының биыл ҰҚШҰ-ға төрағалық ету кезеңінде атқарған жұмысына тоқталды. Мемлекет басшысы халықаралық терроризмге, есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күресте, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларының ықпалы артып отырған жағдайда ақпараттық қауіпсіздікті нығайту бағытында күш-жігерді біріктіру қажеттігін атап өтті.
Сөз соңында Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ға алдағы кезеңде төрағалық ететін Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды құттықтап, жауапты миссиясына сәттілік тіледі.
Отырыс қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданып, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ортақ мүддесіне сай ұжымдық қауіпсіздікті одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды.
