Созақ ауданында халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мен еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін ескере отырып жүргізілуде. Әсіресе жұмысқа орналасуда қосымша қолдауды қажет ететін азаматтарды еңбекке тартуға басымдық беріліп отыр.
Жұмыссыз азаматтардың қатарында әртүрлі себептермен еңбек нарығына қайта қосылуы қиын адамдар да бар. Сондықтан жұмыспен қамту шараларының маңызды бағыты – осындай азаматтарға мүмкіндік беріп, олардың қоғамға қайта бейімделуіне және тұрақты табыс табуына жағдай жасау.
2026 жылға белгіленген квота бойынша Созақ ауданында пробация есебінде тұрған 5 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде жоспар толық орындалып, 5 азаматтың барлығы жұмысқа орналастырылды.
Сондай-ақ бас бостандығынан айырылған азаматтар бойынша жоспарланған 1 жұмыс орны да орындалды. Тұл жетімдер бойынша белгіленген 1 азаматтың жұмыспен қамтылуы қамтамасыз етілді.
Бұл – жұмыспен қамту шараларының азаматтың өткеніне немесе әлеуметтік жағдайына ғана емес, оның бүгінгі еңбек ету мүмкіндігіне де жағдай жасауға бағытталғанын көрсетеді.
Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше назар аударылуда. 2026 жылға бұл санат бойынша 15 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 14-і жұмысқа орналастырылды.
Мүгедектігі бар азамат үшін жұмыс орны – қоғаммен араласу, өз мүмкіндігін көрсету, өз еңбегі арқылы отбасының әл-ауқатына үлес қосу және өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезіну мүмкіндігі.
Сондықтан жұмыспен қамту саласындағы мұндай шаралардың әлеуметтік маңызы жоғары. Азаматқа дайын көмек берумен қатар, оның өз еңбегі арқылы табыс табуына жағдай жасау – әлеуметтік қолдаудың нәтижелі бағыттарының бірі.
