Тұрақты жұмыс орындарына жолдау бойынша биыл 1993 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. 8 айда оның 1522-сі жұмысқа жолданды. Бұл – жоспардың 76,5 пайызы.
Ал субсидияланатын жұмыс орындары бойынша жылдық жоспар 584 адам болса, бүгінгі таңда 617 жұмыссыз азамат осы жұмыс орындарына жолдама алған.
Бағыттар бойынша көрсеткіштер де әркелкі.
Жастар практикасы бойынша 202 адамды қамту жоспарланып, 189 жас жолданған. Орындалу көрсеткіші – 93,5 пайыз.
Қоғамдық жұмыс орындары бойынша жоспар 237 адам болса, нақты көрсеткіш 266 адамға жетіп, жоспар 112,2 пайызға орындалған.
Әлеуметтік жұмыс орындары бойынша 110 адам жоспарланса, 126 азамат жолданған. Орындалу деңгейі – 114,5 пайыз.
Ал «Күміс жас» жобасы бойынша жоспарланған 35 адамның орнына 36 азамат жұмыспен қамтылған.
Бұл көрсеткіштер субсидияланатын жұмыс орындары бағытында жоспардың артығымен орындалып отырғанын көрсетеді. Дегенмен мұндай жұмыс орындарының басты нәтижесі – азаматтарды уақытша жұмыспен қамтумен шектелмей, кейін тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасау.
Сонымен қатар, бұл бағдарламалардың тиімділігі еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандардың қалыптасуына да оң ықпал етуде. Әсіресе «Жастар практикасы» мен «Күміс жас» сияқты жобалар жас мамандарға алғашқы тәжірибе жинауға, ал аға буын өкілдеріне зейнет жасы алдында еңбек белсенділігін сақтап қалуға үлкен мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған азаматтардың кәсіби біліктілігін арттырып, оларды тұрақты штатқа ауыстыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Бұл шаралар аудандағы жумыссыздық деңгейін төмендетуге және тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға берік негіз болады.
Осы орайда, жергілікті жұмыс берушілермен тығыз әріптестік орнатып, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін жиі өткізу басты назарда болмақ. Субсидияланатын жобалар аясында еңбек етіп, өзін жақсы қырынан көрсеткен азаматтарды кәсіпорындар мен мекемелердің негізгі құрамына қабылдау ынталандырылады.
Сонымен бірге, қатысушылардың заманауи еңбек нарығы талаптарына сай дағдыларын дамыту үшін қайта даярлау курстары ұйымдастырылады. Мұндай жүйелі шаралар уақытша бос жүрген тұрғындардың тұрақты табыс көзін табуына жол ашып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосады.
