Созақ ауданында халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жыл басынан бері кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. 2026 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өңірлік жұмыс орындарын құру картасы аясында бірқатар көрсеткіштер бойынша жоспарлы межеге қол жеткізілді.
Облыс әкімінің бекіткен «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында аудан бойынша биыл 3064 жұмыс орнын, оның ішінде 2398 тұрақты және 666 уақытша жұмыс орнын ашу жоспарланған.
8 айдың қорытындысымен ауданда 2798 жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 2131-і тұрақты, 667-сі уақытша жұмыс орны. Яғни жылдық жоспардың 91,3 пайызы орындалған. Тұрақты жұмыс орындары бойынша жоспардың 88,9 пайызы жүзеге асса, уақытша жұмыс орындары жоспарланған межеден де асып отыр.
Өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу негізінен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, ауыл шаруашылығын дамыту, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету есебінен мүмкін болды. Аудан аумағында іске асырылып жатқан түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлік бастамалар тұрғындардың тұрақты табыс тауып, әлеуметтік жағдайын жақсартуына оң ықпалын тигізуде.
Жыл соңына дейін бекітілген межелі жоспарды толығымен орындау және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасады. Жұмыспен қамту көрсеткіштерінің артуы Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетіп, жергілікті халықтың турмыс сапасын арттыруға берік негіз қалайды.
Сондай-ақ, жергілікті тұрғындарды еңбек нарығында талап етілетін мамандықтар бойынша қайта даярлау және біліктілігін арттыру шараларына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл қадам жаңадан ашылған өндіріс орындары мен инфрақұрылымдық жобаларды сапалы кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ал еңбекпен қамту органдары мен ауылдық округ әкімдіктерінің бірлескен жүйелі жұмысы алдағы уақытта да оң нәтижесін беріп, өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге әрі халықтың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосады.
