Созақ ауданында мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсібін бастап, халыққа қажетті қызмет түрін ұсынып отырған азаматтар бар. Солардың бірі – Шолаққорған ауылының тұрғыны, көпбалалы отбасы мүшесі Мустафаева Ақмарал Сейдуалиқызы
Ақмарал Сейдуалиқызы 1 млн 572 мың 800 теңге көлемінде мемлекеттік грант алып, балаларға арналған массаж орталығын ашқан.
Мемлекеттік қолдаудың көмегімен қажетті құрал-жабдықтарын алып, кәсібін жолға қойған кәсіпкер бүгінде балаларға массаж қызметін көрсетіп келеді. Кәсіптен түсетін ай сайынғы табысы 100-120 мың теңгені құрайды.
Жобаның тағы бір маңызды нәтижесі – 1 азаматтың жұмыспен қамтылуы. Осылайша мемлекеттік грант кәсіпкердің жеке кәсібін бастауына ғана емес, жаңа жұмыс орнын ашуына да мүмкіндік берген.
Балаларға қажетті қызмет түрін ауылда ұсыну – кәсіптің әлеуметтік маңызын арттыра түседі. Бұл жоба мемлекеттік қолдаудың азаматтарға өз мүмкіндігін жүзеге асырып, тұрақты табыс көзіне айналатын кәсіп бастауына жол ашатынын көрсетеді.
Мемлекеттік грант – дайын жұмыс емес, еңбек етуге, кәсіп бастауға және өз табысын қалыптастыруға берілген мүмкіндік.
Алдағы уақытта Ақмарал Сейдуалиқызы массаж орталығының мүмкіндіктерін кеңейтіп, емдік-сауықтыру процедураларының түрін көбейтуді әрі қызмет сапасын одан әрі арттыруды жоспарлап отыр. Ауыл ішінде сұранысқа ие мұндай әлеуметтік маңызы бар жобалар жергілікті тұрғындардың денсаулығын жақсартуға септігін тигізіп, мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көрсетуде.
