Созақ ауданында мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін бастап, табысын арттырып отырған азаматтардың қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Таукент кентінің тұрғыны Баймағанбетова Айжан.
Кәсіпкер 1 млн 572 мың 800 теңге көлемінде мемлекеттік грант алып, кір сабын өндіру кәсібін қолға алған.
Мемлекеттік грант қаржысына қажетті құрал-жабдықтарын алып, өндірісін жолға қойған кәсіпкер бүгінде кір сабын өнімдерін дайындап, тұрғындарға ұсынып келеді. Кәсіптен түсетін ай сайынғы табысы 100-120 мың теңгені құрайды.
Жобаның әлеуметтік маңызы да бар. Қазіргі таңда кәсіпкер 1 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Осылайша мемлекеттік қолдау бір отбасының табысын арттырумен қатар, жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берген.
Шағын өндірістің дамуы – ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлікті жандандырудың нақты көрінісі. Ал мемлекеттік грант азаматтарға өз идеясын іске асырып, еңбегі арқылы тұрақты табыс табуына мүмкіндік беріп отыр.
Болашақта Айжан өндіріс көлемін одан әрі кеңейтіп, өнім түрлерін арттыруды жоспарлап отыр. Сапалы әрі қолжетімді жергілікті өнімге деген сұраныстың жоғары екенін түсінген кәсіпкер алдағы уақытта көршілес ауылдар мен елді мекендердің де нарығын қамтуды көздейді. Бұл өз кезегінде өндірісті ұлғайтып, қосымша жұмыс орындарын ашуға жағдай жасайды.
Ауылдағы осындай шағын бастамалар аймақтың экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып, өзге де ынталы азаматтарға үлгі болуда. Мемлекет тарапынан көрсетілетін жан-жақты қолдаудың арқасында ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке деген қызығушылығы артып, өз ісін ашуға деген сенімділігі нығайып келеді.
