Ауыл тұрғындарының табысын арттырып, кәсіп бастауына мүмкіндік беруге бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы Созақ ауданында да нақты жобалармен жүзеге асуда.
2026 жылы бағдарлама аясында ауданда Шолаққорған, Жартытөбе, Сызған, Созақ және Қарақұр ауылдық округтері қамтылды. Осы бес елді мекенде ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, кәсіп бастауға ниетті тұрғындарға 2,5 пайыздық несие алу мүмкіндігі ұсынылды.
Құрылған кооперативтердің бағыттары да әртүрлі. Шолаққорғандағы «Созақ Груп» арнайы киім тігуді қолға алса, Жартытөбедегі «Jartytobe Broiler» құс өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған. Сызғандағы «Рыс-Қон» ағаш өнімдерін қайта өңдеумен айналыспақ. Созақ ауылдық округіндегі «Елнар 1» қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу жобасын жүзеге асыруды көздесе, Қарақұрдағы «Сенім Сервис» ауыл шаруашылығы техникасын алуға бағытталған.
Бұл бес жоба бойынша жоспарланған несие көлемі 137,5 млн теңгені құрайды.
Жобаға тұрғындардың қызығушылығы да бар. Аталған кооперативтерге тіркелген 84 азамат 2,5 пайыздық несие алуға ниет білдірген.
Сонымен қатар 2026 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы ауданның 9 кәсіпкері 84,2 млн теңге көлемінде несие алған.
Олардың арасында мал шаруашылығын дамытушылар, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартушылар және өз кәсібін кеңейтуге ниетті кәсіпкерлер бар. Несие көлемі 7 млн теңгеден 18,2 млн теңгеге дейін берілген.
«Ауыл аманатының» негізгі мәні – ауыл тұрғынын дайын жұмыс іздеуші ғана емес, өз кәсібін қалыптастырып, табыс табатын кәсіпкерге айналдыру. Созақтағы биылғы жобалар ауыл экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндірістердің пайда болуына және тұрғындардың тұрақты табысын арттыруға бағытталған.
Ең маңыздысы – жеңілдетілген қаржының нақты іске айналуы. Бүгінде ауданда тігін өндірісі, құс шаруашылығы, ағаш өңдеу, қалдықтарды қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы техникасы секілді әртүрлі бағыттардың қолға алынуы бағдарламаның ауылдағы кәсіпкерлікке серпін беріп отырғанын көрсетеді.
