Созақ ауданында ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған жобалардың бірі нақты өндіріске айналып келеді. Шолаққорған ауылында өндірістік бағыттағы жаңа тігін цехы іске қосылып, бүгінде 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Жаңа кәсіпорын арнайы жұмыс киімдерін, тұрмыстық қолғаптарды, шұлық және жұмысқа арналған арнайы аяқ киімдерді, сондай-ақ арнайы жамылғыларды өндіруге бағытталған.
Жобаның бастамашысы – «Созақ груп» ЖШС. Серіктестік төрағасы Октябров Абылай кәсіпті «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы дамытуға мүмкіндік алған. Жобаға 34 млн теңге көлемінде жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие берілген.
Бұл – ауыл кәсіпкерлігін қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаның қағаз жүзіндегі қаржылық көмектен нақты өндіріске айналған мысалдарының бірі.
Цех толық өндірістік қуатына шыққан жағдайда жылына 876 мың дана тұрмыстық қолғап, 25 мың дана арнайы киім, 25 мың дана шұлық, 10 мың дана арнайы жұмыс аяқ киімі, 5 мың дана арнайы жамылғы өндіруге қауқарлы.
Өндіріс жұмысы бүгінде қарқынды жүріп жатыр. Тігін шеберлері өз міндеттерін жүйелі атқарып, жаңа кәсіпорынның өндірістік әлеуетін қалыптастыруда.
Ауылдағы өндірістің маңызды көрсеткішінің бірі – жұмыс орны. Қазіргі таңда цехта 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Бұл бір ғана кәсіпорынның көрсеткіші болып көрінгенімен, ауыл үшін оның әлеуметтік салмағы әлдеқайда үлкен. Өйткені тұрақты жұмыс орны – ауыл тұрғынының тұрақты табысы, отбасының әл-ауқаты және еңбек етуге мүмкіндік беретін орта.
Ауыл шаруашылығына ғана емес, өндірістік жобаларға да жол ашатын «Ауыл аманаты» бағдарламасының түпкі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру, кәсіп бастауға мүмкіндік беру және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру.
Шолаққорғандағы тігін цехы осы мақсаттың бір бағытын көрсетіп отыр. Егер кәсіпорын жоспарланған өндірістік қуатына толық шықса, мұнда шығарылатын өнім көлемі де, жұмыспен қамтылатын азаматтар саны да артуы мүмкін.
Ең бастысы – ауылда тек өнім тұтынатын емес, өнім өндіретін кәсіпорындардың көбеюі.
Шолаққорғандағы жаңа цехтың жұмысы осы бағыттағы бастамалардың бірі ретінде ауыл экономикасына жаңа серпін беріп отыр.
