Мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Ауданда осы санаттағы азаматтардың құқықтары мен қажеттіліктерін қамтамасыз ету, оңалту және өмір сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде ауданда 2449 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде І топта – 284, ІІ топта – 744, ІІІ топта – 1023 адам және бала жастан мүгедектігі бар 398 бала бар.
«Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы» КММ мүгедектігі бар балалар мен азаматтарға жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес әлеуметтік қызметтер көрсетіп, олардың орындалуы туралы мәліметтерді «Е-Собес» ақпараттық жүйесіне енгізіп отырады.
Мүгедектігі бар балаларға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі 9 мемлекеттік қызмет түрін ұсынады.
Атап айтқанда, 81 балаға үйде оқытуға қажетті оқу құрал-жабдықтарын алуға ай сайын 2 АЕК көлемінде өтемақы төленуде. Сонымен қатар 122 мүгедектігі бар балаға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Бұл мақсатқа 133,6 млн теңге қарастырылған.
Оңалтудың жеке бағдарламалары негізінде 37 азамат жартылай стационарлық ұйымдарда арнаулы әлеуметтік қызметтер алды.
Мүгедектігі бар азаматтар мен балаларды санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 164,6 млн теңге бөлініп, 571 өтініш түскен. Бүгінгі таңда 311 адам санаторлық-курорттық ем қабылдады.
Техникалық және компенсаторлық құралдармен қамтамасыз етуге республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттерден жалпы 320,9 млн теңге қарастырылған. Жыл басынан 694 өтініш түсіп, 647 адам гигиеналық құралдармен, 48 адам сурдо-тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар протездік-ортопедиялық құралдарға 118 өтініш түсіп, 83 азамат қажетті құралдармен қамтамасыз етілді.
Есту қабілеті бұзылған 15 азаматқа ымдау тілі маманының қызметтері көрсетілуде. Ал жүріп-тұруы қиын І топтағы 105 азаматқа жеке көмекші қызметі ұйымдастырылды.
Арнайы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан қоларба алуға 38 өтініш түсіп, оның 31-і орындалды.
Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – мүгедектігі бар азаматтар мен балалардың қажетті әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету, олардың оңалуына жағдай жасау және қоғам өміріне толыққанды араласуына мүмкіндік беру.
Әлеуметтік қолдаудың тиімділігі – бөлінген қаржының көлемімен ғана емес, оның нақты қажеттілігі бар адамға уақытында жетуімен өлшенеді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
