Әлеуметтік саланың басты міндеті – азаматтардың өмір сапасын арттырып, әсіресе әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарға тиісті жағдай жасау. Бұл бағытта ауданда ардагерлер мен жалғызілікті қарттарға жүйелі әлеуметтік қызмет көрсетілуде.
«Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталық» КММ-нің ардагерлермен жұмыс және жалғызілікті қарттарға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі бүгінгі таңда 85 жалғызілікті қартқа қызмет көрсетеді. Оларға 18 әлеуметтік қызметкер бекітіліп, белгіленген кестеге сәйкес үйде әлеуметтік көмек көрсетуде.
Жыл басынан бері қамқорлықтағы қарттарға демеушілер есебінен 966 мың теңгенің қаржылай, заттай және азық-түлік көмегі берілді.
Ауданда 15 ҰОС мүгедегіне теңестірілген азамат, 17 Ауған соғысының ардагері, 4 Чернобыль апатына қатысушы, 8 соғыс мүгедегінің жесірі және 109 тыл еңбеккері бар. Оларға заңнамада көзделген әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілуде.
Сонымен қатар қарттардың денсаулығын жақсартуға да басымдық берілген. 2026 жылы түрлі шипажайлар мен демалыс орындарына 790 жолдама беріліп, 442 зейнеткер ем алып, демалып қайтты.
Әлеуметтік қолдау көпбалалы аналарды да қамтиды. 8 наурыз мерекесіне орай «Батыр ана» және «Алтын алқа» иегері 991 анаға 8 млн 572,2 мың теңге, ал «Күміс алқа» иегері 1151 анаға 9 млн 956 мың теңге біржолғы қаржылай көмек көрсетілді.
Бөлімше азаматтарға мемлекеттік қызметтер де ұсынады. Атап айтқанда, ақталған адамға куәлік беру, сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды тіркеу, өтемақы төлеу және куәлік беру жұмыстары жүргізіледі.
Әлеуметтік саладағы жұмыстың нәтижесі тек көрсетілген қызмет пен бөлінген қаражат көлемімен өлшенбейді. Оның басты көрсеткіші – адамның өзін қоғамнан тыс қалмағанын сезінуі, қарттың қамқорлықта болуы және әлеуметтік қолдаудың нақты мұқтаж жанға жетуі.
