Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік Саясатында білім беру жүйесін жаңғырту, өскелең ұрпаққа заманауи оқу-тәрбие үдерісін ұсыну және олардың бойында адал еңбек ету мәдениетін қалыптастыру – стратегиялық маңызы бар басымдықтардың бірі болып табылады. Білім күні – тек жаңа оқу жылының басталуын білдіретін мерекелік дата ғана емес, сонымен бірге елдің келешектегі кадрлық әлеуетін, интеллектуалдық қорын және әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындайтын маңызды меже. Осы орайда, Созақ ауданындағы барлық білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиындар өтіп, алғашқы қоңырау үні соғылды.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты шараға А.Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектепте арнайы қатысып, ұстаздар қауымын, оқушылар мен ардақты ата-аналарды Білім күнімен құттықтады. Аудан басшысы өзінің құттықтау сөзінде білім беру саласының сапасы мен әлеуетін арттыру бағытында өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы кезеңге жоспарланған міндеттермен бөлісті. Сондай-ақ, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі, жас буынның бойына отаншылдық пен еңбексүйгіштік қасиеттерін сіңірудегі ұстаздардың арнаулы орны мен еңбегін ерекше атап өтіп, оқушыларға жаңа оқу жылында толағай табыстар тіледі.
Салтанатты шара барысында мектеп директоры Әуесхан Сағындықов білім ордасының өткен оқу жылындағы жетістіктеріне тоқталып, жаңа оқу жылындағы мақсат-міндеттерді таныстырды. Білім беру үдерісін заманауи халықаралық талаптарға сәйкестендіру, оқушылардың халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарысындағы белсенділігін арттыру негізгі бағыт болып белгіленді. Салтанатты жиында сөз алған білім саласының ардагер ұстазы Бақыт Нұрмаханов өзінің ізгі тілегін білдіріп, мектеп табалдырығын жаңадан аттаған бүлдіршіндерге ақ жол тіледі.
Шара соңында аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы мектептегі сыныптарды аралап, оқушылардың оқу жағдайымен танысты және олармен еркін форматта жүздесті. Білім алушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, әрқайсысына сабақта үздік болуды тіледі. Сонымен қатар, мектеп ішінен ашылған «Асқар шыңы» студиясында оқушылар дайындаған көкейкесті сауалдарға жауап беріп, жас өрендермен ашық сұхбаттасты. Еркін питчинг пен сухбат барысында оқушылардың болашақ мамандық таңдауы, цифрлық дағдыларды меңгеруі, креативті ойлауы және қоғамдық белсенділігі жайында пікір алысып, олардың ұсыныстарын тыңдады.
Бүгінде Созақ ауданында білім беру саласында ауқымды жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Жаңа оқу жылында 1468 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа қабылданып отыр. Ауданда жалпы 35 мектеп пен 39 балабақша тұрақты жұмыс істейді. Осы білім беру ұйымдарында 2613 педагог еңбек етіп, жас ұрпаққа терең білім беруге өз үлестерін қосуда. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру және оларды қолдау шаралары да тұрақты назарда ұсталып келеді.
Білім беру нысандарының жағдайын жақсарту және оқу процесіне қолайлы, қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында бірқатар мектепте күрделі жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, А.Сүлейменов, Ә.Молдағұлова, Уәлиханов және Макаренко атындағы жалпы білім беретін мектептердің ғимараттарына терможаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар ғимараттардың жылу сақтау қабілетін арттырып, оқушылар мен ұстаздарға жайлы микроклимат қалыптастыруға мүмкіндік берді. Сонымен бірге А.Сүлейменов атындағы мектептің жылу қазандығы сұйық отынға ауыстырылып, қысқы кезеңдегі үздіксіз әрі қауіпсіз жылыту жүйесі қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстардың барлығы білім беру мекемелерінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын сақтаудың айқын дәлелі болып табылады.
Өткен жылдан бері білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінуде. Жеке сектор мен инвесторлардың әлеуметтік жауапкершілігі аясында «KATКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнының қолдауымен 20 дәрісхана заманауи қажетті құрал-жабдықтармен және интерактивті тақталармен қамтамасыз етілді. Ал білім саласының ардагерлері мен ауданның жанашыр азаматтарының демеушілігі нәтижесінде 122 оқу кабинеті заманауи талаптарға сай толық жаңартылды. Сондай-ақ, Қызылкөл ауылындағы М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектепке қосымша акт залы мен арнайы шеберхана ғимараты салып берілді.
Мектептерде бой көтерген заманауи шеберханалар мен жаңа бағыттағы оқу кабинеттері өскелең ұрпақты ерте жастан кәсіби бағдарлауға, олардың бойында практикалық дағдыларды қалыптастыруға тікелей ықпал етеді. Бұл – өңірде еңбек нарығының сұранысына сай кадрларды даярлаудың жаңа моделін енгізудің берік іргетасы болып табылады. Шеберханаларда алғашқы шеберлік пен техникалық білімді меңгерген оқушылар келешекте өндірістік, инженерлік, ауыл шаруашылығы және IT салаларында бәсекеге қабілетті маман болып шығады.
Осылайша, мектеп қабырғасынан бастап оқушылар арасында еңбексүйгіштік мәдениеті мен адал еңбек ету құндылықтары қалыптасады. Еңбексүйгіштік пен адалдық – адамды рухани тұрғыдан байытып, оның тұлғалық болысын нығайтады. Жастардың еңбекке деген оң көзқарасы еліміздің экономикалық дамуына өзіндік серпін беретіні сөзсіз. Мектеп қабырғасындағы еңбек тәрбиесі оқушыларды жауапкершілікке, ұқыптылыққа және ұжымдық істе бірлік көрсетуге үйретеді.
Мектептердегі жағдайды жақсартумен қатар, білім беру мекемелерінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау нормаларын сақтауға ерекше назар аударылады. Педагогтер мен техникалық қызметкерлер үшін қауіпсіз және жайлы еңбек жағдайларын жасау, ғимараттардың өртке қарсы және техникалық қауіпсіздігін арттыру – оқу үдерісінің үздіксіз әрі сапалы жүруінің кепілі. Мұндай қауіпсіз ортада еңбек ету мұғалімдердің жұмыс өнімділігін арттырып, оқушылардың сапалы білім алуына оң ықпал етеді.
Бұдан бөлек, білім саласын инфрақұрылымдық және сапалық жағынан дамыту – халықты мемлекеттік әлеуметтік қамтамасыз ету шараларымен де тығыз сабақтасып жатыр. Қазіргі таңда ата-аналар арасында балалардың келешекте жоғары білім алуын қаржылай қамтамасыз етуге арналған «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін түсіндіру және енгізу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл жүйе әрбір отбасыға мемлекеттік сыйақылар мен қолдауларды пайдалана отырып, баласының болашақ білім капиталын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан ұсынылатын мұндай әлеуметтік қолдау тетіктері отбасылардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және әлеуметтік тұрғыдан қорғалу деңгейін күшейтуге бағытталған.
Осылайша, мектептерді жаңғырту, жаңа технологиялармен жабдықтау, қауіпсіз еңбек ортасын құру және білім беру сапасын арттыру «2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасын» жергілікті деңгейде жүзеге асырумен тығыз ұштасып отыр. Бағдарламаның басты мақсаты – азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту, оларды өнімді еңбекке баулу және жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады. Сапалы білім алған жастар келешекте жоғары табысты мамандықтарды меңгеріп, отбасылық бюджеттің артуына және өңір экономикасының өсуіне өз үлестерін қосады.
Ауданда жас ұрпаққа сапалы білім беруге, оларды еңбекке баулуға және әлеуметтік тұрғыдан қорғауға бағытталған бұл кешенді жұмыстар Созақ ауданында көші-қон тұрақтылығын сақтауға оң ықпал етеді. Жастардың туған ауылында қалып еңбек етуіне, өз кәсібін бастауына немесе жергілікті мекемелерде білікті маман ретінде қалыптасуына жағдай жасау – ауылдық аймақтардың болашағы мен демографиялық тұрақтылығының басты кепілі.
Ауылдағы білім беру сапасының артуы мен заманауи инфрақұрылымның құрылуы жас мамандардың басқа өңірлерге немесе қалаларға жаппай қоныс аударуын азайтып, жергілікті жерде тұрақтап қалуына серпін береді. Осылайша, Білім күнінен басталған бұл жүйелі реформалар Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық жаңғыруына және өскелең ұрпақтың жарқын болашағына берік негіз қалап отыр.
