Мемлекеттік жастар саясатының негізгі арқауы – жас буынның интеллектуалдық, шығармашылық және еңбек әлеуетін ашу, оларды қоғамдық пайдалы істерге тарту, бойында адал еңбек ету мәдениетін қалыптастыру және отаншылдық рухта тәрбиелеу болып табылады. Қазіргі таңда елімізде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-бастамалардың арасында жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға және елді мекендерді көркейтуге бағытталған жобалардың орны ерекше. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобасы – өскелең ұрпақты еңбекке баулудың, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттырудың және олардың әлеуметтік белсенділігін шыңдаудың бірегей институтына айналды.
Осы орайда, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастарды еңбекке баулу, уақытша жұмыспен қамту және қоғамдық белсенділігін арттыру мақсатында жүзеге асырылған «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобасының 2026 жылғы еңбек маусымы ресми түрде қорытындыланды. Бүгінгі таңда елімізде жас буынның әлеуетін арттыру, оларды адал еңбек пен отаншылдыққа баулу – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке тарту, қоршаған ортаны қорғауға және елді мекендерді көркейтуге бағытталған жобалар жыл санап өзінің өміршеңдігін көрсетіп, нақты нәтижелерін беруде.
Биылғы еңбек маусымына Түркістан облысының 17 ауданы мен қаласынан 260 жас қатысып, көгалдандыру, абаттандыру, тазалық және қоғамдық жұмыстарға белсенді тартылды. Жастар өңірдегі елді мекендердің тазалығын сақтауға, саябақтар мен гүлзарларды баптауға, сондай-ақ ағаш отырғызу және көркейту жұмыстарына зор ынтамен атсалысты. Жазғы маусым ішінде жастар тек физикалық еңбекпен айналысып қана қоймай, ұжымдық бірлікті, өзара көмек пен азаматтық жауапкершілікті жоғары деңгейде көрсетті. Еңбек маусымының соңында жүргізілген қорытындылар бойынша ерекше белсенділік пен жоғары нәтиже танытқан жастар мен үздік еңбек жасақтары арнайы номинациялар бойынша салтанатты түрде марапатталды.
Марапаттау шарасының ең жауапты әрі беделді номинацияларының бірі – «Үздік еңбек жасағы» номинациясы болды. Түркістан облысының барлық аудандары мен қалаларынан қатысқан жасақтардың арасынан Созақ ауданының «Жасыл ел» еңбек жасағы дараланып, үздік деп танылды. Биыл Созақ ауданы бойынша жобаға 14 жас қатысып, аудан орталығы – Шолаққорған ауылының тазалық, көркейту және көгалдандыру жұмыстарына ауқымды әрі елеулі үлес қосты.
Созақтық жастар маусым бойы аудан орталығындағы саябақтар мен балалар ойын алаңдарын қоқыстан тазалап, қоғамдық орындарды абаттандыру, жасыл желектерді жүйелі түрде суғару мен күтіп-ұстау жұмыстарына жоғары жауапкершілікпен қатысты. Апта сайын ұйымдастырылған тазалық акциялары мен сенбіліктерде Созақ ауданының жастары өздерінің еңбекқорлығымен, ұйымшылдығымен және берілген тапсырмаларды сапалы орындауымен өзге өңірлерге үлгі болды. Жергілікті тұрғындар да жас өрендердің бұл бастамасына оң бағасын беріп, олардың ауыл тазалығына қосқан үлесін жоғары бағалады.
«Жасыл ел» жобасы жастарды маусымдық жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың бойында еңбексүйгіштік мәдениеті мен қоғамдық жауапкершілікті қалыптастырады. Адал еңбек ету – адамды рухани тұрғыдан байытып, оның тұлғалық қалыптасуына, өмірлік ұстанымдарының берік болуына зор ықпал етеді. Еңбек арқылы жастар өздерінің мүмкіндіктерін сезініп, маңдай термен келген әрбір жетістіктің қадірін түсінеді. Жастарды мектеп жасынан және студенттік кезеңнен бастап еңбекке баулу, адал табыс табудың маңызын түсіндіру – болашақта өз ісіне жауапты, іскер әрі білікті мамандарды тәрбиелеудің іргетасы. Мұндай маусымдық жұмыстар жас буынға алғашқы кәсіби дағдыларды меңгеруге, ұжымда жұмыс істеуге, компромисске келуге және қоғамға пайдалы іспен айналысуға кең мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, бұл бастама мемлекетіміздің басты экономикалық-әлеуметтік құжаттарының бірі – «2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасын» жергілікті деңгейде табысты жүзеге асырудың нақты құралына айналып отыр. Жастарды маусымдық еңбекке тарту арқылы олардың қаржылық дербестігін қамтамасыз ету, алғашқы табыс табу мүмкіндігін беру және отбасылық бюджетке көмектесуіне жағдай жасау – әлеуметтік тұрақтылықты күшейтуге бағытталған. Әсіресе, ауылдық жерлерде мектеп бітірушілер мен студенттердің жазғы демалыс уақытын тиімді пайдаланып, еңбек үшін ақы алуы отбасылық әл-ауқатты арттыруға септігін тигізеді. Ауылдық жерлерде жастарды нәтижелі жұмыспен қамту, олардың экономикалық белсенділігін арттыру халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге оң ықпалын тигізеді.
Жобаны жүзеге асыру барысында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарына айрықша көңіл бөлінді. Маусым басталар алдында әрбір қатысушыға жұмыс орнындағы қауіпсіздік ережелері, арнайы құрал-саймандармен дұрыс жұмыс істеу техникасы, күн өтуден қорғану және санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтау тәртібі алдын ала мұқият түсіндірілді. Жастар арнайы жұмыс киімдерімен және қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілді. Жұмыс барысында қауіпсіз еңбек жағдайын жасау – жастардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі. Еңбек қауіпсіздігі стандарттарын ерте жастан бойға сіңіру жастардың болашақта кез келген өндірісте, мекемеде немесе жеке кәсіпте еңбек тәртібін қатаң сақтауына, өндірістік жарақаттанудың алдын алуға берік негіз болады.
Сонымен бірге, «Жасыл ел» жобасы аясында жинақталған бұл тәжірибе өңірде кадрларды даярлаудың жаңа моделін енгізумен тығыз ұштасып жатыр. Жастар жасақтарында шыңдалған ұл-қыздар болашақ кәсіби бағдарын айқындап, түрлі салаларда еңбек етуге бейімделеді. Физикалық еңбекпен қатар, ұйымдастырушылық дағдыларды меңгерген жастар келешекте экология, ауыл шаруашылығы, ландшафтық дизайн, коммуналдық шаруашылық және мемлекеттік басқару салаларына қажетті маман болып қалыптасады. Жастардың іс-тәжірибе жинақтауы, еңбек дағдыларын дамытуы келешекте олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болуына жол ашады. Мекемелер мен кәсіпорындар үшін де еңбектен қорықпайтын, тәртіпті, жауапкершілігі жоғары деңгейдегі белсенді жас кадрларды қалыптастыру мүмкіндігі туындайды.
Ақпараттық-түсіндіру шаралары аясында жоба қатысушыларына мемлекеттік әлеуметтік қамтамасыз ету бағдарламалары мен болашақта жоғары білім алуға қаржы жинақтаудың тиімді тетігі саналатын «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің артықшылықтары кеңінен таныстырылды. «Келешек» жүйесі арқылы жастар мен олардың ата-аналары білім алуға арналған қаржылық жоспарлауды ертерек бастауға, мемлекет тарапынан берілетін стартық капитал мен жыл сайынғы сыйақыларды, сондай-ақ инвестициялық табыстарды пайдалануға мүмкіндік алады. Жоба барысында алғашқы табысын тапқан жастарға бұл қаржыны дұрыс басқару және болашақ білім капиталына инвестициялау жолдары түсіндірілді. Бұл азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, отбасылық ресурстарды тиімді бөлуге және әлеуметтік тұрғыдан қорғалу деңгейін күшейтуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Аудан жастарын еңбекке тарту, олардың туған жерінің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосуына жағдай жасау және жан-жақты әлеуметтік қолдау шаралары Созақ ауданында көші-қон тұрақтылығын сақтауға оң ықпалын тигізеді. Ауылда жастар үшін тұрақты еңбек ортасының, әлеуметтік қолдаудың және бос уақытты тиімді ұйымдастыру мүмкіндіктерінің болуы олардың өңірде тұрақтауына тікелей әсер етеді. Жас мамандар мен белсенді жастардың туған ауылында қалып, еңбек етуге, өз кәсібін бастауға немесе өңірді дамытуға ниетті болуы – ауылдың болашағы мен тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының басты кепілі.
Жастардың жауапкершілігі, еңбекке деген сүйіспеншілігі, қоршаған ортаға ұқыпты қарауы мен заңдылыққа құрметпен қарауы – тұрақты да өркениетті қоғамның берік іргетасын қалайды. Созақ ауданы жастарының «Үздік еңбек жасағы» номинациясын жеңіп алуы – олардың тынымсыз еңбегінің, бірлігінің және туған жерге деген сүйіспеншілігінің жарқын көрінісі. Осындай нәтижелі де мазмұнды жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, ауыл жастарының жаңа белестерді бағындыруына серпін берері сөзсіз.
