Заң мен тәртіп бар жерде – әділдік, бейбітшілік, өзара құрмет пен әлеуметтік тұрақтылық салтанат құрады. Заң – мемлекет қабылдаған, әрбір азамат бұлжытпай сақтауға және орындауға міндетті ортақ ережелер жиынтығы болса, тәртіп – осы заң талаптарын терең құрметтеп, қоғам мүшелерінің белгіленген құқықтық нормаларға сай саналы түрде әрекет етуі. Бүгінгі таңда заң үстемдігін қамтамасыз ету – ел дамуының, халықтың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттырудың басты кепіліне айналып отыр. Кез келген өркениетті қоғамның іргетасы әділдікке, заңдылыққа және азаматтардың жоғары құқықтық мәдениетіне сүйенеді. Құқықтық мемлекетті қалыптастыру – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның біріккен жауапкершілігі мен саналы ұмтылысын талап етеді.
Осы орайда, Созақ ауданында «Заң мен тәртіп» идеологиясын қоғамда кеңінен насихаттау, майда құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың құқықтық мәдениеті мен жауапкершілігін арттыру бағытындағы ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында аудан орталығында тұрақты қатынайтын қоғамдық көліктерге «Заң мен тәртіп» логотиптері мен арнайы ақпараттық материалдар орналастырылды. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – қоғамдық орындар мен транспорда заң талаптарын сақтау мәдениетін берік қалыптастыру, тұрмыстық және көшедегі құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ тұрғындар арасында қауіпсіздік пен тәртіпті қоғамның ең жоғары құндылықтары ретінде кеңінен насихаттау болып табылады. Күнделікті қоғамдық көлікті пайдаланатын жүздеген жолаушылар үшін мұндай визуальды ақпараттар құқықтық сауаттылықты арттырудың әрі заңға деген құрметті қалыптастырудың тиімді құралына айналды.
Қоғамдағы заңдылық пен тәртіп – ең алдымен жолаушылар тасымалы мен өндіріс орындарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын қатаң сақтаудан бастау алады. Қоғамдық көлік жүргізушілері мен сала қызметкерлерінің жоғары жауапкершілігі, адал еңбегі мен еңбексүйгіштігі – азаматтардың амандығы мен қауіпсіздігінің басты кепілі. Аудан аймағында еңбек мәдениетін қалыптастыру және жұмыс орындарындағы қауіпсіздік стандарттарын сақтау басты назарда тұр. Еңбек адамын ардақтау, адал кәсіп пен адал тапқан табыстың қадірін жастарға түсіндіру – қоғамдық тұрақтылықтың да басты арқауы. Сонымен қатар, бұл жүйелі жұмыстар тасымалдаушы кәсіпорындар мен жергілікті мекемелерде кадрларды даярлаудың жаңа моделін енгізумен тығыз ұштасып жатыр. Кадрлық әлеуетті арттыру арқылы қызметкерлердің кәсіби сауаттылығын, еңбек тәртібін және жауапкершілігін одан әрі жоғарылату, нарық сұранысына сай білікті мамандарды даярлау өңір дамуына соны серпін береді.
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сенімді қамтамасыз етілуі ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуіне, жаңа жұмыс орындарын ашуға және «2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасын» табысты жүзеге асыруға оңтайлы да қолайлы экономикалық орта қалыптастырады. Халықтың тұрақты табыс көзін қалыптастыру – әлеуметтік кернеуді азайтып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға оң ықпалын тигізеді. Бағдарлама аясында тұрғындардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету, нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру шаралары кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Ақпараттандыру акциялары аясында тұрғындарға мемлекеттік әлеуметтік қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ әрбір отбасының қаржылық болашағын нығайтатын «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің артықшылықтары кеңінен түсіндірілуде. «Келешек» жүйесі арқылы балалардың болашақта жоғары білім алуына қаржы жинақтау тетіктері мен оған мемлекет тарапынан берілетін қолдаулар тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Әрбір отбасының баласының болашақ біліміне бүгіннен бастап инвестиция салуы – елдің адами капиталын дамытуға қосылған зор үлес. Әлеуметтік қолдаудың нақты тетіктерін білу халықтың ертеңгі күнге деген сенімін арттырып, әлеуметтік тұрғыдан қорғалу деңгейін күшейтеді.
Қауіпсіз, тәртіпті, еңбек жағдайы жасалған әрі әлеуметтік тұрғыдан толық қорғалған аудан орталығын құру тұрғындардың өмір сүру жайлылығын арттырады. Бұл өз кезегінде Созақ ауданында жастардың ауылда қалып еңбек етуіне, өңірлік кадрлық әлеуеттің сақталуына және көші-қон тұрақтылығын қамтамасыз етуге өзіндік оң ықпалын тигізеді. Жас мамандардың ауылдық жерлерге тұрақтануы, өз білімі мен күш-жігерін туған өңірді көркейтуге жұмсауы – ауылдың болашағын айқындайтын басты фактор. Осылайша, құқықтық сауаттылық, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік қолдау және экономикалық даму шаралары өзара тығыз байланыста жүзеге асырылғанда ғана қоғамның тұрақты өркендеуі қамтамасыз етіледі. Заңға құрмет – тәртіптен, ал тәртіп – әрбір азаматтың жауапкершілігінен басталады!
