Биыл Түркістан облысы Созақ ауылында жалпы ұзындығы 21 шақырымды құрайтын ішкі көшелер орташа жөндеуден өтіп, асфальт жабындысы төселмек. Бұл туралы аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді.
Кездесу барысында аудан басшысы өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды кеңінен таныстырып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға ерекше тоқталды.
Округ әкімі Батырхан Аяпов өткен жылы жүзеге асқан жұмыстарды саралап, биылғы жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, 2026 жылы ауылда бірқатар маңызды нысандар ел игілігіне берілмек.
Атап айтқанда, қыркүйек айында №1 колледж жанынан салынып жатқан 120 орындық жатақхана құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Жеңіс саябағының құрылысы қарқынды жүргізіліп, жақын күндері пайдалануға беріледі.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар қолға алынған. Ауылда су құбыры желілері тартылып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде.
Жол саласы бойынша Көктөбе елді мекенінен Суындық көшесіне дейінгі аралықты қамти отырып, Созақ ауылындағы С. Сейфуллин, Абай, Құрманғазы, М. Әуезов, Алибаев, Амангелді, Қ. Сәтбаев, Әбдіраманов, Достық, Р. Стамқұлов, Өткелбаев, М. Мәметова, Суынбұлақ көшелері мен атауы жоқ бірқатар көшелер орташа жөндеуден өтеді.
Сонымен қатар Шолаққорған ауылындағы АГТС-тен Созақ ауылына дейін магистральды газ құбырын тарту жобасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Айта кетейік, өткен жылы да округте бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Жаңа әкімшілік ғимарат пайдалануға беріліп, Шақырық және Созақ ауылдарын ауыз сумен қамту жобалары іске асырылды. Өткелбаев көшесі бойынан спорттық-сауықтыру кешені салынып, тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Бұдан бөлек, облыстық маңызы бар тас жол бойында үш аялдама орнатылып, Созақ, Көктөбе және Ыбырай елді мекендерінде воркаут алаңдары ашылды.
Мәдениет саласында да оң өзгерістер бар. Ауылдық мәдениет үйі жөндеуден өтіп, бұрынғы әкімдік ғимараты «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» әлеуметтік орталығы ретінде қайта жаңғыртылып, халыққа қызмет көрсетуде.
Жалпы инфрақұрылымды жаңғырту нәтижесінде округ бойынша 51,5 шақырым көше жарықтандырылып, елді мекендер толықтай жарықпен қамтылған. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында бейнебақылау камералары мен LED экрандар орнатылған.
Кездесу соңында ауыл тұрғындары атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Жеке мәселелерін көтерген азаматтардың өтініштері назарға алынып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берілді
